Ж.Асанов Сочиде өткен ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер жоғарғы соттары төрағаларының кеңесіне қатысты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жақып Асанов Сочиде (РФ) өткен ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер жоғарғы соттары төрағаларының XIV кеңесіне қатысты.

Іс-шараға сондай-ақ Ресей, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Пәкістан, Индия елдері жоғарғы соттарының төрағалары мен судьялары, сондай-ақ бақылаушы елдердің өкілдері, өзара қарым-қатынасқа мүдделі әріптестер қатысты.

Қазақстан делегациясының құрамында еліміздің жоғарғы сот органының судьясы Ұлбосын Сүлейменова, Қарағанды облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шәріпов, Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Аслан Тукиев пен Әскери соттың Соттар әкімшісі Хыдыр Бегалиев болды.

Ж. Асанов өзінің құттықтау сөзінде жоғары сот органдары басшыларының осындай кездесулерінің практикалық маңызы зор екенін айтты. Сонымен қатар, сот саласында тәжірибе алмасу, күн тәртібінде тұрған мәселелер бойынша өзара тығыз қарым-қатынасты тереңдету «шанхай рухына» сай келетіні атап өтілді. Ол қазақстан делегациясының ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің озық практикасына мүдделі екенін атап өте келіп, кеңеске қатысушыларды осы жылдың қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Халықаралық судьялар ассоциациясының      62-ші кездесуіне, Сот әкімшілігі халықаралық ассоциациясының 14-ші конференциясына, сондай-ақ сот төрелігінің сапасын басқару мәселелері бойынша халықаралық форумға қатысуға шақырды.             Жоғарғы Соттың Төрағасы осы екі беделді халықаралық ұйымның өкілдері өз тарихында алғаш рет кездесетінін айта келіп, сот төрелігінің заманауи көкейкесті мәселелері бойынша ашық-жарқын пікірталас өрбитініне үміт білдірді. 

XIV кеңестің күн тәртібіне сот жүйесінің әр түрлі деңгейінде қаралмаған істердің мерзімдері мен санын қысқарту, дауларды сотқа дейін реттеу механизмдері туралы мәселелер енгізілді. Сонымен қатар, балалардың отбасылық және мүліктік құқықтарын қорғау бойынша ұлттық және халықаралық құқықтық актілерді қолдану, сондай-ақ заңды күшіне енген қылмыстық істер бойынша сот шешімдері мен үкімдерін қайта қарау туралы сөз болды.

Форумда Ұ. Сүлейменова дауларды шешу кезінде татуластыру рәсімдерін қолдану, балалардың отбасылық және мүліктік құқықтарын қорғау бойынша қазақстанның тәжірибесі туралы, А. Тукиев әкімшілік сот ісін жүргізу юрисдикциясы, Н. Шәріпов сот билігінің тәуелсіздігін күшейту жөніндегі шаралар туралы баяндама жасады.

Кеңеске қатысушылар жұмыстың қорытындылары бойынша Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Онда күн тәртібіндегі барлық мәселелерді талқылаудың негізгі нәтижелері қамтылды.

ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер жоғарғы соттары төрағаларының келесі XV кеңесін 2020 жылы Қазақстанда өткізу жөнінде шешім қабылданды.

Ж. Асанов жұмыс бабындағы сапар шеңберінде Ресей, Қытай мен Беларусь жоғарғы соттарының төрағалары Вячеслав Лебедевпен, Чжоу Цянмен және Валентин Сукаломен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Тараптар әңгіме барысында достық, тату көршілік және өзара түсіністік жағдайындағы ортақ іс-қимылдың жоғары деңгейін атап өтті.

Кездесу барысында жан-жақты пікір алмасылып, оның қорытындысында тараптар екі ел сот органдарының өзара іс-қимылын кеңейтуге екі жақтың да мүдделі екенін атап өтті.

Источник: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі