ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің жоғарғы соттары төрағаларының XVII кеңесінде

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Душанбеде Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің жоғарғы соттары төрағаларының XVII кеңесі өтті. Оның қатысушыларын Тәжікстанның Жоғарғы Соты қабылдады.

Форум қарсаңында Қазақстан Жоғарғы Сотының Төрағасы Жақып Асанов Тәжікстан Жоғарғы Сотының Төрағасы Шермухаммад Шохиенмен және Иранның Сот билігі басшысының бірінші орынбасары Мұхаммед Мұсаддекпен жұмыс кездесулерін өткізді. Тараптар әңгімелесу барысында достық, тату көршілік және өзара түсіністік рухындағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін атап өтті. Қызу пікір алмасылды. Оның барысында осы елдердің сот органдарының өзара    іс-қимылды кеңейтуге өзара дайындығы аталып өтілді.

Форумның жұмысына Жоғарғы Соттардың төрағалары: Үндістаннан – Нутхалапати Раман, Қазақстаннан – Жақып Асанов, Қытайдан – Цянь Чжоу, Қырғызстаннан – Замирбек Базарбеков, Пәкістаннан – Бандиал Омар Ата, Ресейден – Вячеслав Лебедев, Өзбекстаннан – Бахтиер Исламов, Тәжікстаннан – Шермухаммад Шохиен, сондай-ақ ШЫҰ Бас хатшысы Мин Чжан қатысып, әріптестерін құттықтады.

Сөз сөйлеген Ж.Асанов ШЫҰ мемлекеттері сот органдарының өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, осы тұрақты кездесулердің ахуалы тәжірибе мен сот практикасын алмасуға, сот төрелігінің өзекті мәселелерін талқылауға ықпал етеді.

XVII кеңеске қатысушылар жазаның балама түрлерін тағайындау, банкроттық, киберқылмыстар, бала асырап алу, сот ісін жүргізуде цифрландыруды дамыту және әкімшілік әділет туралы істерді қарау туралы пікір алмасты.

Қазақстандықтар бірегей тақырыптардағы маңызды баяндамаларды ұсынды. Цифрландыру бойынша көш бастап отырған екі елдің сот жүйелерінің өкілдері: Қазақстан Жоғарғы Соты Департаментінің басшысы Наиль Ахметзакиров пен Қытай Жоғарғы Сотының Төрағасы Цянь Чжоу сот ісін жүргізуде жасанды интеллект пен роботтандыру элементтерін қолдану тәжірибесімен бөлісті.

Н.Ахметзакиров электрондық құжат айналымы, ахуалдық орталық және «Сот кабинеті» сот органдары базасының ауқымды деректерімен жұмыс туралы айтып берді. Осы орайда соңғы әзірлемелердің қатарында азаматтық істің нәтижесін және роботтандыруды болжауға мүмкіндік беретін «сандық сот сараптамасы» қызметі бар екені айтылды. Осы қызмет шешім қабылдаудың нақты алгоритмдерінің негізінде судьялардың қалауы заңмен қатаң шектелген істер бойынша сот актілерінің жобаларын дайындайды.

Ол сот жүйелерінде жасанды интеллектіні қолдану бойынша Еуропалық әдеп хартиясының нормаларын еске сала отырып, енгізіліп жатқан технологиялардың судьяны алмастырмайтынын баса айтты. «Бұл сот практикасының біркелкілігін және процеске қатысушылардың құқықтарын сапалы қорғауды қамтамасыз ететін қосымша көмек құралы ғана. Автоматтандыру сот ісін жүргізуді жеделдетеді, сот арқылы қорғалуға қолжетімділікті және судьяның жұмысын жеңілдетеді, адами факторға байланысты қателіктерді болдырмайды», - деді Н.Ахметзакиров.

Форумға қатысушыларды Қазақстан Жоғарғы Соты әкімшілік алқасының төрағасы Аслан Түкиев пен Ресей Федерациясы Жоғарғы Сотының Төрағасы Вячеслав Лебедев бөліскен әкімшілік әділет жүйесін енгізу тәжірибесі де қызықтырды.

А.Түкиев әкімшілік әділетті «халық үніне құлақ асатын мемлекет» саясатының негізгі құралы деп атады. Ол Жоғарғы Соттың әкімшілік алқасы құрамының жартысы алғаш рет судья болып отырғанын, олардың корпоративтік, салық, қаржы даулары бойынша заманауи тұрғыдан ойлай білетін мамандар екенін атап өтті.

Алқа төрағасының айтуынша, бір жыл ішінде сот ісі 21%-ға артты. Шешімдердің 52%-ы талап қоюшылардың пайдасына шешіліп отыр. Бұрын АПК бойынша даулардың тек 15%-ын ұтуға мүмкіндік туатын. Бұлар салық, кеден, жер даулары, мемлекеттік сатып алу саласындағы даулар және т.б. Татуласуға салынған тыйымды алып тастаудың арқасында оның көрсеткіші 12% - ды құрады. Талап қоюшылар даудың соттан тыс реттелуіне байланысты талап қоюды кері қайтарып алды. Бұл 20% - ды құрайды. Оның пікірінше, мұның бәрі қашан болмасын мемлекеттік органның шешімі дұрыс делінетін практиканың өзгергенін білдіреді. Әкімшілік органдар «соттың белсенді әрекетін» сезіне бастады. Енді әкімшілік органның актісі әкімшілік қағидаттар мен рәсімдер арқылы тексерілетін болды. Арыз иесін тыңдау, ал кейде тіпті шешімнің жобасын ұсыну маңызды жаңалық болып табылатыны туралы да айтылды. А.Түкиев әкімшілік әділеттің қоғамның билікке, соттарға деген сенімін арттыратынын атап өтті.

Қазақстандықтардың жаңалықтары форум қатысушыларын қызықтырды: қатысушылар назар аударып, сұрақтарын қойды. Сөз сөйлеушілер оларға үзіліс кезінде де жауап беруді жалғастырды.

Іс-шараға қатысушылар мұндай кездесулер түйткіл жағдайлар туралы ой бөлісуге, практиканы жақсартуға, келешектегі  мәселелерді талқылауға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

XVII кеңес аяқталғаннан кейін делегаттар пікір алмасты және дәстүр бойынша бірлескен мәлімдемені қабылдау рәсіміне қатысты. Жоғарғы Соттардың төрағалары қорытынды сөздерінде өзара іс-қимылдың тиімділігін атап өтті.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің жоғарғы соттары төрағаларының келесі кеңесі Үндістанда өтеді.

Источник: 
Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі