«Silicium Kazakshtan» ЖШС-нен мемлекет кірісіне 258 млн. теңге мөлшерінде қаражат өндірілді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында Қарағанды облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының «Silicium Kazakhstan» ЖШС-нен қоршаған ортаның ластануына байланысты келтірілген зиян сомасын 258 850 730 теңге мөлшерінде өндіріп алу талап арызы бойынша азаматтық іс қаралды.

Қарағанды облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы Қарағанды облысының Экология департаменті мамандарының қатысуымен 2011-2012 жж. кезінде экологиялық заңнама қолдану мәселелері бойынша  «Silicium Kazakhstan» ЖШС-нің қызметіне тексеріс жүргізген болатын. Кәсіпорын қызметінің негізгі түрі  жоғары қосындыға ие құрыштарды  шығаратын металлургия кәсіпорындарына кремнийді өндіру болып табылады. Кәсіпорында  шикізатты балқыта отырып кремний шығаратын әрі кен қыздыратын 2 пеш атмосфералық ауаны ластап келеді.

2011 жылғы тексеріс барысында шаң және газ тазалайтын жабдықты тоқтату уақыты 29,5 сағатты, ал 2012 жылы 253 сағат құрайтындығы анықталды. «Silicium Kazakhstan» ЖШС-тің кен қыздыратын пештер жұмысынан болған рұқсат етілмеген апаттық шығарудың нәтижесінде 2011 жылы келтірілген зиянның соммасы 25 433 674 теңгені, ал 2012 жылы – 233 417 056 теңгені құрады.

Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 199-бабының 10-тармақшасына сәйкес, табиғат пайдаланушы қоршаған ортаға ластаушы заттар шығарылған және төгілген апаттар туралы факт анықталған кезден бастап екi сағат iшiнде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органға хабарлауға мiндеттi.

Алайда, Қарағанды облысы бойынша Экология департаментіне табиғат пайдаланушы кәсіпорын мекемесінен апаттық жағдайлар туралы хабарламалар жіберілмеген.

Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 321-бабына сәйкес экологиялық құқық бұзушылықтар жасаған тұлғалар өздері келтірген залалды осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес өтеуге міндетті.

Аталған сот шешіммен Қарағанды облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының талаптары қанағаттандырылды. «Silicium Kazakhstan» ЖШС-нен мемлекет кірісіне 258 850 730 теңге өндірілді.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Источник: 
Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі