Республика соттары өткен бірінші жартыжылдық бойынша сот төрелігін жүзеге асырудың қорытындысын шығарды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Мұратғали Әкетай 2017 жылдың бірінші жартыжылдығындағы сот төрелігін жүзеге асырудың қорытындысы бойынша өңір судьяларының кеңейтілген кеңесін өткізді.

Кеңес барысында ол соттардың есептік кезеңде 15 мыңнан астам азаматтық, 10 860 әкімшілік және 5 мыңнан астам қылмыстық істерді қарағанын атап өтті. Қайтарылған және қараусыз қалдырылған талап арыздар саны айтарлықтай азайтылды. Есептік кезеңде облыс соттары сырттай шешімдер шығарған жоқ. Дауларды шешудің баламалы әдістерінің қолдана отырып аяқталған істер саны 2016 жылдың 1 жартыжылдығында 678 болса,  2017 жылдың 1 жартыжылдығында 1800-ге жуық азаматтық іс аяқталды. Осыған байланысты, талапкерлерге 27 миллион теңге көлемінде мемлекеттік баж шығыны қайтарылған.

Өткен жартыжылдықта тергеу судьялары 1759 өтінішті қараған (2016 жылдың 1 жартыжылдығында 1000-нан астам). Облыстық соттың тиісті шараларды қабылдау нәтижесінде прокурорға 5 қылмыстық іс жіберілген (2016 жылдың жартыжылдығында – 87).

«Сот кабинеті» арқылы түскен электронды өтініштер саны 96% -ға дейін артты.

Ағымдағы жылдың 1 жартыжылдығында облыстық соттың төрағасы тұрғындармен кездесу өткізді.

М.Әкетай сот төрелігін жүзеге асырудың сапасын арттыру, істерді қарау мерзімін сақтау, сот отырысының уақытылы басталуы мен сот актілерінің уақытылы берілуі және бітімгершілік және партисипативтік рәсімдерді қолдану аясын кеңейту, азаматтар мен заңды тұлғалардың конституциялық құқықтарын қорғау қажеттілігіне судьялардың ерекше назарын аударды.

Іс-шара барысында сот жүйесіндегі ұзақ және мінсіз қызметі үшін облыстық соттың судьясы Рахила Мұхамбетқалиева «Үш би» құрмет белгісімен, судья Нұрила Сатыбалдина – республиканың Судьялар одағының Құрмет грамотасымен марапатталды. Сот төрелігін сапалы жүзеге асырғаны  және қоғамдық жұмысқа белсене қатысқаны үшін Ақтөбе қалалық сотының судьясы Қайырбек Әбдіхалықов облыстық сот төрағасының Құрмет грамотасымен марапатталды.

 

 

Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров 2017 жылдың бірінші жартыжылдығына соттардың жұмыс қорытындысы бойынша өңір судьяларының кеңейтілген кеңесін өткізді.

Ақмола облыстық сотының төрағасы, алқа төрағалары Е.Жанәділов және Р.Даминовтың азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асырудың сапасы туралы есептерін тыңдап, алқа төрағаларына сырттай шешім шығара отырып қаралған істерді, талап қою арыздарын негізсіз қайтару, істерді қарау мерзімін кейінге қалдыру, медиацияны қолдану, жекеше қаулыларды шығару мен жекеше қаулыларға жауаптарды уақытылы жолданбауына шаралар қабылдау, аудио және бейнетіркеу жүйесін және сот іс жүргізуінде ақпараттық сервистерді қолдану мен БАҚ-пен өзара әрекеттесу бойынша жұмысты ұдайы бақылауда ұстауға тапсырма берді.

Д.Әміров Жоғарғы Сот Төрағасының қойылған тапсырмаларын айтып өтті. Атап айтқанда: істерді қарау сапасын арттыру бойынша шаралар қабылдау, жергілікті соттардың жұмысындағы кемшіліктердің себебін талдау, сот бұйрығы институтын кеңінен пайдалануды қамтамасыз ету, сот отырысында аудио және бейнетіркеу жүйесін қолдану, сонымен қатар, сот отырысының уақытылы басталуына бақылауды күшейту, судьялардың біліктілігін жетілдіру бойынша Оқу орталығы қызметінің тиімділігін арттыру.

Облыстық соттың төрағасы Д.Әміров сот корпусының алдына құқық үстемдігін қамтамасыз ету мақсатында Жолдау шеңберіндегі тапсырмаларды іске асыру аясында рейтингтің барлық көрсеткіштері бойынша соттардың жұмыс сапасын көтеруге тапсырма қойды.

Кеңесте облыстық соттың судьясы Светлана Рахметова Судья әдебі жөніндегі комиссияның жұмысы мен судьялардың іс-әрекеттеріне келтірілген шағымдар мен өтініштердің қаралу нәтижелері, Соттар әкімшісінің басшысы Данияр Сарымсақов соттардың қызметін ұйымдастыру бойынша атқарылған жұмыс пен материалдық-техникалық қамтамасыз ету туралы баяндама жасады.  

2017 жылдың 1 жартыжылдығы ішінде Ақмола облысының соттары барлығы 47 182 іс пен материал қаралды. Өткен жылдың салыстырмалы кезеңіне қарағанда бұл көрсеткіш 12 978 іс пен материалға көп. Құқық бұзушылықты қайталау және азаматтардың басқа да бұзушылықтарының алдын-алу мен ескерту мақсатында облыс соттары 390 жекеше қаулы шығарды. Медиацияны қолданып 680 қылмыстық, азаматтық және әкімшілік, партисипативтік рәсім тәртібінде 8 азаматтық іс қаралды.

Барлық сот актілерінің 0,8 пайызының ғана өзгеріске ұшырап, күші жойылды. Ал сот шешімдерінің 99,2 пайызы заңды және негізді деп танылды.

«Сот кабинеті» сервисі арқылы  облыс соттарына 12 178 талап қою арызы және 5 624 әкімшілік материал келіп түсті.

 

Қызылорда облыстық сотының төрағасы Қамбар Нұрышев 2017 жылдың бірінші жартыжылдығындағы сот төрелігін жүзеге асырудың қорытындыларына арналған кеңесті өткізді.

Қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша алқа төрағалары Бақытжан Қалымбет пен Әділхади Шығамбаевтың есептері тыңдалды. Олар бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың сот төрелігін жүзеге асырудың сандық және сапалық көрсеткіштерімен бөлісті. .

Статистикаға сәйкес, облыс соттарына 16 560 талап арыз, 241 іс түскен, бұл көрсеткіш өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда 33,6%-ға ұлғайып отыр. Апелляциялық сот алқасы 594 істі қараған.

Есепті кезеңде облыстың бірінші сатыдағы соттарына  64 қылмыстық іс өткен жылдан қалдыққа қалған, 970 қылмыстық іс түсіп, 1 114 адамға қатысты 870 қылмыстық істі қарау аяқталған. Қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы 132 істі қарады.

Облыс соттарында есепті кезеңде медиация тәртібін қолдану арқылы 252 іс, 175 қылмыстық және 142 іс әкімшілік қаралған. Партисипативтік рәсім тәртібімен -5 іс, татуласу келісімімен 36 іс  аяқталған.

Кеңес шеңберінде Судья әдебі жөніндегі комиссияның атқарған жұмысы туралы комиссия төрағасы Әбу Айбек, Оқу орталығының жұмысы бойынша үйлестіруші-судья Гүлсім Таңатова, БАҚ-пен өзара іс-қимыл бойынша үйлестіруші-судья Артур Наримов мәлімдеді.

Кеңейтілген кеңес қорытындысы бойынша сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсарту, судьялар мен сот мамандарының кәсіби деңгейін арттыру, алдағы атқарылатын жұмыстар мен тапсырмалар айқындалды.

 

Алматы қалалық сотында 2017 жылдың бірінші жартыжылдығы қорытындыланды.

Кеңейтілген кеңес жұмысын сот төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов ашты. Кеңесте сот алқаларының төрағалары Бақыт Мәлік-тегі мен Бақытжан Қарамановтың азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істерді қарау кезінде туындайтын құқық қолдану саласындағы өзекті мәселелер бойынша  баяндамалары тыңдалды.

Сонымен қатар, осы жылы 2 635 қылмыстық іс қаралып, соның ішінде 975 іс бойынша 1 257 тұлғаға қатысты үкім шығарылған және 807 (30,6 %)  қылмыстық іс бойынша медиация қолданылғаны туралы айтылды.

2017 жылдың бірінші жартыжылдығында бірінші сатыдағы соттар 71039 азаматтық істі қарады, бұл 2016 жылдың ұқсас кезңімен салыстырғанда 45,6 %-ға артық. 49 954 азаматтық іс бойынша сот шешімі шығарылды. Сот төрелігін жүзеге асыру 0,6%-ға жақсарды. Медиация мен партисипативтік рәсім және тараптардың татуласуы тәртібімен 1 169 азаматтық іс қаралды. Судья әдебі жөніндегі комиссияның төрағасы Лұқмат Мерекенов, заңды және жеке тұлғалардың өтініштерін қарау тобының басшысы Сергей Лобач 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыс туралы баяндады.

Кеңейтілген кеңес барысында  аудандық соттардың төрағалары мен сот төрелегін жүзеге асыру көрсеткіштері төмен судьялардың баяндамалары тыңдалды.

Алматы қалалық сотының төрағасы кеңеске қатысушылардың сот төрелігін жүзеге асырудың сапасын арттыру, сотқа жүгінген азаматтарға заңды көмек көрсету, судьялар мен сот мамандарының кәсіби деңгейін көтеру бойынша мәселелерге назарын аударды.

Кеңейтілген кеңес соңында сот төрағасы Н.Әбдіқанов Алматы қаласы соттарына нотариалды жазбаны іске асыру, медиация институты мен партисипативтік рәсімді дамыту, процестік және материалдық заңнама нормаларын, судьялардың әдебін қатаң сақтау бойынша тапсырмалар берді.  

Источник: 
жергілікті соттардың баспасөз қызметтері