Маңғыстау облыстық соты бірінші жартыжылдықтағы сот төрелігін жүзеге асырудың қорытындысын шығарды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Облыстық сот төрағасы Жақсылық Аланов 2017 жылдың бірінші жартыжылдығындағы сот төрелігін жүзеге асырудың қорытындысы бойынша өңір судьяларының кеңейтілген кеңесін өткізді.

Кеңес жұмысына Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов қатысты.

Кеңес барысында Ұлт Жоспарының, Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының орындалуы, сондай-ақ татуластыру рәсімдерін кеңінен қолдану, медиацияны насихаттау, электронды сот төрелігін жүзеге асыру іс-шаралары талқыланды.  

Кеңес жұмысын ашқан Жақсылық Аланов Ұлт Жоспарында көзделген міндеттерді практикалық тұрғыдан орындау шеңберінде сот төрелігін жүзеге асыру және соттардың қызметін ұйымдастыру сапасының айтарлықтай артқанын атап өтті. Ол сот төрелігін жүзеге асырудың негізгі көрсеткіштеріне айрықша тоқталып өтті. Мәселен,  2017 жылдың 6 айында барлығы 20 334 іс (соның ішінде 998-і – қылмыстық, 8 425-і – әкімшілік,  10 911-і – азаматтық) қаралған. Апелляциялық тәртіппен 126 қылмыстық, 130 әкімшілік және 572 азаматтық іс қаралған.  

Жақсылық Аланов Маңғыстау облыстық соты биыл алғашқылардың бірі болып облыстағы жоғары оқу орны –  Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технология және инжиниринг университетімен, облыстық адвокаттар алқасымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, бірлескен іс-шараларды қолға алғанын мәлімдеді.

Азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Нұрсапа Примашев негізгі жұмыс азаматтық істердің сапасын арттыруға, талап арыздарды себепсіз қараусыз қалдыру фактілерін болдырмауға және азаматтық даулардың басым бөлігін сотқа жеткізбей, бітімгершілік немесе медиация арқылы реттеу тәсілдерін тұрғындар арасында кеңінен насихаттап, түсіндіруге бағытталғанын атап өтті. 

Қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Ержан Қарабаевтың айтуынша, өңірдегі бірінші сатыдағы соттар есепті мерзімде 1009 тұлғаға қатысты барлығы 872 қылмыстық істі қараған. Соның ішінде сотталғандар саны – 697, бас бостандығынан айырылғандары – 185, шартты түрде сотталғандар – 49, қоғамдық жұмысқа тартылғаны – 100, бас бостандығынан шектелгені – 121 адам болса, 188 адамға айыппұл салынып, 36 тұлға рақымшылық заңымен босатылған.

Есепті мерзімде барлық қаралған істің 13,3 %, яғни 116 қылмыстық іс медиация тәртібімен қаралған (өткен жылы – 7,2 %). Сотқа дейінгі тергеу және прокурорлар тарапынан жіберілген процестік заңнама талаптары бұзылғандықтан, 20 жекеше қаулы шығарылған.

Кеңейтілген кеңес барысында Судьялық әдеп комиссиясының төрағасы, Соттар әкімшісінің басшысы мен бірқатар аудандық және оған теңестірілген соттар төрағалары сөз сөйледі.

Кеңесте Н.Шәріпов республикадағы сот төрелігін жүзеге асыру сапасының, медиация мен дауларды шешудің баламалы тәсілдерін қолданудың, сот бақылауының кеңейту мен білікті судьялар корпусын даярлау ісінің жақсарғандығын айтты. Ол сот төрелігіне қолжетімділік пен сот істерін қарауды айтарлықтай жеңілдететін электронды сот ісін жүргізуді одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті. 

Судьялар корпусының алдағы басымдықтары туралы айта келе, Н.Шәріпов соттардың беделін, тәуелсіздігі мен әлеуметтік мәртебесін арттыру мәселесіне тоқталды. «Әрбір судья сот практикасына жүйелі талдау жүргізу және моральдық-адамгершілік нормаларын сақтау қажеттігіне айрықша көңіл бөлуі тиіс», - деді ол. Н.Шәріпов  өңір судьяларының алға қойған міндеттерді толығымен орындауға бар күш-жігерін жұмсайтындықтарына сенім білдірді.

Кеңейтілген кеңес жұмысын қорытындылай келе, облыстық сот төрағасы  өңір судьяларына сот төрелігін жүзеге асырудың сапасын одан әрі жақсарту, судья әдебі нормаларын қатаң сақтау, сыбайлас жемқорлықтың кез-келген көрінісіне қарсы тұруды тапсырды.  

Источник: 
Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі