Құрметті отандастар!

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Сіздерді ел өміріндегі маңызы зор мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтаймын!

Еліміздің Ата Заңы – мемлекеттік және қоғамдық құрылыстың іргелі қағидаттарын реттейтін аса маңызды құжат. Адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары Қазақстанның ең негізгі конституциялық құндылығы ретінде бекітілді. Бұл – Қазақстанның экономикалық және саяси тұрғыдан қарқынды дамуының ең басты факторларының бірі, қазақстандықтардың тең құқық пен мүмкіндіктерге ие болуының кепілі.

Бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституция құқықтық мемлекет құрудың берік іргетасын қалады. Еліміздің сот жүйесі қоғамның барлық саласында заң үстемдігінің орнығуын қамтамасыз ете отырып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғап келеді.

Халықтың құқықтық мәдениетінің артып келе жатқаны жыл өткен сайын байқалып отырғаны қуантады. Өз құқықтарын қорғау мақсатында сотқа жүгінетін азаматтар қатарының көбеюі соның айқын дәлелі болып саналады. Бұл – қоғамның сот билігіне деген сенімі мен даулы мәселелерді заң аясында шешуге ұмтылысының нақты көрсеткіші. 

Барша қазақстандықтарға зор денсаулық, ырыздық және мол табыс тілеймін. Елімізде әрдайым тыныштық пен тұрақтылық салтанат құрып, игілігі арта берсін. 

Источник: 
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми