Қазақстанның құқықтық мәселелер жөніндегі делегациясы Грузияға жұмыс сапарымен барды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ағымдағы жылғы 26-27 маусымда Қазақстанның құқықтық мәселелер жөніндегі делегациясы Грузияда жұмыс сапарымен болды.

Қазақстандық топты Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Талғат Донақов бастап барды. Делегация құрамына Конституциялық Кеңестің Төрағасы Игорь Рогов, Жоғарғы Соттың Төрағасы Қайрат Мәми, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров, Бас прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің, өзге де мүдделі мемлекеттік органдардың, сондай-ақ ҚазБар қауымдастығының басқарушы кеңесі мен адвокаттар қауымдастығының бірінші басшылары мен өкілдері кірді. 

Сапар Грузияның сот-құқық жүйесін реформалаудағы және қылмыстық процесті жаңғыртудағы тәжірибесін зерделеуге бағытталды.

Тбилисиде Қазақстан мен Грузия Жоғарғы Соттарының Төрағалары Қайрат Мәми мен Нино Гвенетадзе кездесті. Әңгіме барысында Қ.Мәми екі ел арасында өзар тиімді қарым-қатынас орнағандығына тоқтала келе, республикамыздың сот құрылымы мен сот ісін жүргізу ерекшеліктері, Ұлт Жоспары шеңберінде сот жүйесінде орын алған өзгерістер туралы мәлімдеді. Өз кезегінде, Гвенетадзе ханым Грузияның сот құрылымындағы жаңашылдықтар туралы әңгімелеп берді.

Қ.Мәми әңгіме барысында Н.Гвенетадзені Қазақстанға шақырып, Астананы, ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалауды және «Конституция және қоғам мен мемлекеттік жаңғырту» тақырыбындағы халықаралық конференция жұмысына қатысуды ұсынды.

Делегацияның әділет, ішкі істер министрліктерінде, сондай-ақ, адвокаттар, заң фирмалары мен Құқықтық көмек қызметінің өкілдерімен кездесуі өтті.

Сапардың екінші күні қазақстандық делегация Тбилиси қалалық сотының жұмысымен танысты. Делегация Грузияның Сот төрелігі жоғары мектебінде болып, еліміздегі судьяларды іріктеу мен мансаптық ілгерілету жүйесімен таныстырды.

Сапар барысында екі елдің қылмыстық сот төрелігін дамыту тәсілдері бойынша өзара қызу пікірталастар орын алды.    

Источник: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі
Теги: