Қайрат Мәми лорд Гэри Вульфпен кездесті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Астана қаласында Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми Ұлыбритания Жоғарғы Сотының бұрынғы судьясы, лорд Гэри Вульфпен кездесті.

Кездесуге «Астана» Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) басқарушысы Қайрат Келімбетов пен Астанадағы Лорд өкілі, АХҚО-ның сот пен Халықаралық арбитраж орталығын құру және дамыту бойынша сарапшысы Кристофер Кэмпбелл қатысты.

Әңгіме барысында Қ.Мәми жақында құқық мәселелері бойынша мүдделі мемлекеттік органдардың бірінші басшыларынан құралған қазақстандық делегацияның Ұлыбританияда сапарда болғанын атап өтті.  Сапардың жемісті өткендігін айта келе, Қазақстан Жоғарғы Сотының төрағасы Англия мен Уэльстің Барристерлер қауымдастығының, Лондонның Орталық криминалдық сотының және Күрделі алаяқтық қылмыстарды тергеу кеңсесінің өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізгенін атап өтті. Бұған қоса, шетелдік мейманға қазақстандық судьялардың Ұлыбританияға «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде ағылшын құқығының негіздері мен принциптерін неғұрлым терең тәжірибелік тұрғыдан зерделеу үшін оқуға жіберілгені айтылды.

«Англияның құқық үстемдігін қамтамасыз ету тәжірибесі, сот практикасының тұрақтылығы мен икемділігі, сот төрелігі жүйесінің заңгерлік қауымдастықпен іс-қимылының жоғары деңгейі, ұсынылатын құқықтық қызметінің сапасы біздің қызығушылығымызды туғызып отыр. Осы орайда біз АХҚО-ның соты мен арбитраж орталығының табысты қызмет атқаруына айрықша мән беріп отырмыз», - деді еліміздің жоғары сот органының төрағасы.

Кездесуге қатысушылар сот пен арбитраж орталығының мәртебесін анықтау, Қазақстан мен өзге елдерде сот пен арбитраж актілерінің күшіне енуі туралы мәселелерді талқылады. Әңгіме барысында Вульф Қазақстандағы  АХҚО-ның соты мен арбитраж орталығын құру бойынша әрекетін жалпы қолдайтындығын жеткізді.

Тараптар әлемдік деңгейдегі АХҚО-ның соты мен арбитраж орталығын құру, осы органдардың тәуелсіздігі мен олардың ағылшын құқығы негізінде дауларды қарау мүмкіндіктеріне өзара мүдделілік танытты. Сот пен арбитраж шешімдерінің орындалуына қатысты АХҚО-ның соты мен Жоғарғы Сот арасында ынтымақтастық туралы меморандум жобасын талқылауға әзірлік туралы да айтылды.

Источник: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі