Қайрат Мәми Алматы қаласындағы халықаралық конференция шеңберінде бірқатар екіжақты кездесулер өткізді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми «Әкімшілік әділ сот: тәжірибе және проблемалар» тақырыбындағы халықаралық конференция шеңберінде бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Ол Бүкіләлемдік Банк жобасының  жетекшісі Амит Мукерджи, Беларусь Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Валентин Сукало мен Ресей Федерациясы Жоғары  Соты Төрағасының орынбасары Татьяна Петровамен кездесті.

Әңгіме барысында Қ.Мәми жаңа Әкімшілік процестік кодекс жобасын қабылдау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев жариялаған бес институционалдық реформаны іске асыру шеңберінде соттарды реформалау шаралары және соттардың жұмысына жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологияны енгізу туралы айтып берді.

Сұхбаттасушылар «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарын іске асыру шеңберінде сот жүйесін реформалау бойынша жүргізіліп жатқан жұмысты жоғары бағалады. Құжаттың нақтылы іс-шараларға негізделгенін және маңыздылығын атап өтті.

Жоғарғы Сот Төрағасы оларға конференцияға белсенді қатыстқаны үшін алғысын білдірді. «Сіздердің бүгінгі форумға қатысқандарыңыз Қазақстанда әкімшілік әділет жүйесін құру үдерісіне қосымша серпін береді және оны сіздердің көзқарастарыңызды ескере отырып енгізу көзделді», - деді Қ.Мәми.

Барлық кездесулердің қорытындысында соттарды жаңғырту мәселелері бойынша ынтымақтастықты кеңейту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Источник: 
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі