Астана қаласының ювеналдық сотының төрағасы Н.Раззақ «Көктем шуағы» атты Мемлекет басшысымен кездесуге қатысты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Халықаралық 8 наурыз мерекесіне орай Ақордада Мемлекет басшысы «Көктем шуағы» атты еліміздің әйелдер қауымының өкілдерімен кездесуіне Астана қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Нәзиля Раззақ қатысты.

Кездесуге Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова, Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл З.Балиева, «Алматы-2017» универсиадасының биатлоннан жеңімпазы А.Шевченко, ауылдық орта мектеп директоры И.Седова, «Жас Атамекен» жас кәсіпкерлер клубының президенті З.Көкжанова, аудандық аурухананың бас дәрігері Қ.Разиева, «Алтын алқа» белгісімен марапатталған көп балалы ана О.Мұқашева және тағы басқалары қатысты.

«Бүгінде Қазақстан әйелдері еліміздің дамуына айрықша үлес қосып отыр. Адамзаттың нәзік жанды өкілдері ел экономикасының түрлі саласында, сонымен қатар, мемлекеттік қызметте, ғылымда, жеке бизнесте, білім беру мен денсаулық сақтау саласында еңбек етуде. Елімізде мемлекеттік қызметшілердің 55 пайызын әйелдер құрайды», – деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет жүргізіп жатқан демографиялық саясаттың аспектілеріне тоқталып, ана мен балаға қолдау көрсету және оларды қорғау мәселелерін, балаға қатысты қатыгездіктің кез-келген көрінісін жою және өсіп келе жатқан ұрпақты арнайы мекемелер мен үйірмелерде патриоттық тәрбиемен қамтамасыз етуге назар аударды.

Мемлекет басшысы гендерлік саясаттың басымдығы бар бір бағыты ретінде аналар мен балалар үшін қолайлы орта қалыптастыру, сондай-ақ анаға деген сыйластық мәдениетін жандандыру қажеттігін айтып өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі саяси жаңғыру үдерісі барысында әйелдердің зор рөл атқаратынына сенім білдірді. Кездесуге қатысушылар өздерінің кәсіби және күнделікті өміріндегі жетістіктерімен бөлісті.

Мемлекет басшысы іс-шара соңында кездесуге қатысушылар үшін «Ақорда» резиденциясын таныстырды.

Қайнар: 
Астана қалалық сотының баспасөз қызметі