Алматы қалалық сотында кеңейтілген кеңес өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Алматы қалалық сотында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қ. Мәмидің қатысуымен бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша кеңейтілген кеңес өтті. 

Іс-шараға Алматы қалалық сотының төрағасы А.Ештай, Қазақстан Республикасы Әскери Сотының Төрағасы С. Абдуллаев, қалалық, аудандық соттардың, сондай-ақ Әскери Соттың судьялары қатысты. 

Кеңес шеңберінде Судьялардың VI съезінде берген Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруды назарға ала отырып, сот жүйесін одан әрі дамытудың негізгі бағыттары талқыланды.

Жиналысқа қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Қ. Мәми –  «Алматы – еліміздің іргелі қаржы-экономикалық, мәдени астанасы. Республикадағы әлеуметтік-экономикалық жағдаймен қатар, заңдылық пен құқық қорғау жүйесінің жай-күйін осы қалаға қарап білуге болады. Осы ретте судьяларға артылатын міндеттер аз емес. Дәл осы себепті алғашқы қорытынды отырыс осында өткізілуде», - деді.

Кеңес барысында Алматы қалалық соты мен Әскери Сот төрағаларының, сондай-ақ Алматы қаласы аудандық соттарының төрағалары мен судьяларының атқарған жұмыстары туралы ақпараты тыңдалды.

Кеңес қорытындысы бойынша соттардың жұмысына қажетті барлық жағдайлардың жасалғаны және осы ретте жақсы нәтижелерге қол жеткізілгендігі айтылды. Сонымен қатар келешекке бағытталған бірқатар тапсырмалар берілді. Солардың қатарында: сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсарту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру мәселелері, суьялар әдебі нормаларын сақтау, соттардың имиджін арттыру бойынша қабылданатын шараларды күшейту. Жиында жаңартылған құқықтық кеңістік жағдайында сот корпусының алдағы жұмысына баса назар аударылды.

Қайнар: 
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі