Бүгін республика соттарының 2014 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша кеңейтілген кеңес өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін республика соттарының 2014 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарған жұмысының қорытындысы бойынша кеңейтілген кеңес өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қ.Мәми, Жоғарғы Сот Кеңесінің төрағасы Б.Бекназаров, Президент Әкімшілігі Мемлекеттік-құқық бөлімінің меңгерушісі Ә.Рақышева, Мемлекеттік басқару академиясы Сот төрелігі институтының директоры М.Бейбітов, Судьялар Одағының төрағасы С.Байбатыров, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қадағалаушы сот алқаларының төрағалары, Жоғарғы Соттың судьялары мен қызметкерлері, сондай-ақ республикадағы облыстық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары қатысты.

Кеңес Астана қаласында жақында салынған Сот төрелігі сарайында өтті. Кеңес жұмысы басталар алдында Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетовтің қатысуымен жаңа ғимараттың негізгі ақпараттық-коммуникациялық, инфрақұрылымдық таныстырылымы ұйымдастырылды. Осы сәтті пайдаланып, Жоғарғы Сот Төрағасы Қ.Мәми жаңа Сот төрелігі сарайын салу барысында көрсеткен белсенді қолдауы үшін Астана қаласының әкіміне алғыс айтты.  

Кеңес аясында биылғы жылдың алты айында сот төрелігін жүзеге асырудың қорытындысы шығарылып, Мемлекет басшысының Судьялардың VI съезінде берген тапсырмаларын іске асыруды назарға ала отырып, сот жүйесін одан әрі дамытудың негізгі бағыттары талқыланды.

Кеңеске қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Қайрат Мәми: «Өткен жарты жыл ішінде республика соттары сот жүктемесінің артқанына қарамастан, сот төрелігін жүзеге асырудың және сот істерін дер кезінде шешудің сапасын тиісті деңгейде қамтамасыз етті. Жалпы, барлық шығарылған сот актілерінің 98,6%-ы заңды әрі негізді болып табылады», - деп атап өтті.

Кеңес барысында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қадағалаушы сот алқалары төрағаларының және Жоғарғы Сот судьяларының, Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының, сондай-ақ  бірқатар облыстық және оған теңестірілген соттар төрағаларының жұмысы туралы ақпараттар тыңдалды.

2014 жылғы бірінші жартыжылдықтағы соттардың қызметiне жүргізілген талдау еліміздегі сот төрелiгiн жүзеге асыру сапасы арта түскенін көрсетті.

Азаматтардың соттарға деген сенімі артып келеді. Мұны соттарға келіп түскен өтініштер мен істердің 2013 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,5%-ға артқанынан байқауға болады. Бас бостандығынан айырылған адамдардың үлес салмағы 2,4%-ға азайды.

Республика бойынша азаматтық және қылмыстық істерді қарау сапасы тұрақты деңгейде. Іс жүргізу мерзімі бұзыла отырып қаралған азаматтық істер саны қысқарды.

Медиаторлардың қатысуымен қаралған азаматтық істер саны  475-тен 1911-ге дейін артты.

Электронды сот ісін жүргізу элементтері белсенді түрде енгізілуде. Электрондық талап арыздардың саны өткен жылғы көрсеткіштен екі есеге дейін көбейді.

Бүгінгі күні республикадағы сот отырысы залдарының үштен екі бөлігіне жуығы сот процестерін техникалық тіркеу жүйелерімен жабдықталған.

Сот ісіне қатысушыларға электронды хабарлама жіберу қызметі дамуда, іс материалдарымен және сот ісінің барысымен танысуға мүмкіндіктер жасалған.

Бұл шаралар сот төрелігінің қолжетімділігі мен ашықтығын, сондай-ақ азаматтардың және қоғамның соттарға деген сенімін арттыруға бағытталған

Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара қарым-қатынас тиісті деңгейде жүзеге асырылуда. Соттардың БАҚ-пен өзара іс-қимылы жөнінде кешенді тұжырымдама әзірленуде. Онда сот жүйесінің ашықтығы қағидаттарын институционалдық деңгейде бекіту және баспасөзбен жұмыс істеу тәсілдерін регламенттеу көзделген.

Кеңейтілген кеңес қорытындысы бойынша Жоғарғы Сот Төрағасы алдағы уақытта атқарылатын жұмыстың бірқатар негізі міндеттерін айқындап берді. Атап айтқанда, сот төрелігін дер кезінде және сапалы қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды ілгерілету, қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы жаңа кодекстерге сәйкес судьялардың және сот қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру, сот ұжымдарында моральдік-психологиялық ахуалды жақсарту, соттардың имиджін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, қысқа мерзім ішінде мүдделі мемлекеттік органдар өкілдері қатарынан Қазақстан Республикасының Әкімшілік іс жүргізу кодексінің жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын құрып, жұмысқа кірісу тапсырылды.  

Кеңесте алға қойылған міндеттерді іске асыру ерекше бақылауға алынды. Оларды орындаудың нәтижелері биылғы жылдың қорытындысы бойынша қаралатын болады.

Источник: 
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі