Жоғарғы Сотта сот практикасының біркелкілігі мен апелляцияның тиімділігі талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы USAID пен Америка адвокаттар қауымдастығының Қазақстандағы «ABA ROLI» өкілдігінің қолдауымен «Сот практикасының біркелкілігі және апелляцияның тиімділігі» тақырыбында халықаралық семинар өткізді.

Семинарға Жоғарғы Соттың судьялары, облыстық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары, Таллинн округтік (апелляциялық) соты қылмыстық істер жөніндегі алқасының судьясы Павел Гончаров, Сот төрелігі академиясы мен Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің өкілдері қатысты. Олар қылмыстық істер бойынша біркелкі сот практикасын әзірлеуге байланысты құқық қорғау мәселелерін, сондай-ақ апелляциялық сатылар судьяларының түйткіл мәселелерін талқылады және олардың қызметін жетілдіру жолдарын айқындады.

«Кез келген мемлекеттің маңызды міндеті - адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын мойындау, сақтау және қорғау болып табылады. Бүкіл елде заңдардың біркелкі түсіндірілуіне және қолданылуына, сот практикасының біркелкілігіне қол жеткізгенде ғана бұл міндетті іске асыру мүмкін болады», - деді семинарды ашқан Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашид Жүкенов.

Ол өз сөзінде қылмыстық сот төрелігі саласында осы міндеттерді қамтамасыз етуге бағытталған тетіктер кешеніне ерекше назар аударды. Әңгіме заңда көзделген апелляция рәсімдері турасында болды. Соңғы жылдары апелляцияның процестік ережелерін қалыптастыру бойынша заңнамалық өзгерістер жүзеге асырылып, қабылданды және олардың сапасы мен заңға қатаң сәйкестігі үшін жауапкершілік арта түсті.

Баяндамашы қаралып жатқан әрбір іс бойынша  қылмыстық процестің негізгі принциптері толығымен орындалған жағдайда ғана апелляциялық соттар жұмысының сапасы мен тиімділігін арттыруға қол жеткізуге болатындығын атап өтті. Оларға кінәсіздік презумпциясы, азаматтардың заң мен сот алдындағы теңдігі, судьялардың тәуелсіздігі және олардың тек Конституция мен заңдарға бағынуы, істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеу, сот талаптарын қатаң сақтай отырып алынған дәлелдемелерді сот төрелігін жүзеге асыруда қолдану жатады. 

Ә. Жүкенов басқа мемлекеттердің осы мәселе бойынша тәжірибесінің құнды әрі пайдалы екенін, осындай қарым-қатынастың маңыздылығын және білімді жетілдіріп, пікір алмасуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Семинар барысында халықаралық сарапшы П. Гончаров Эстониядағы қылмыстық іс жүргізуді мысалға келтіре отырып, тараптардың мүмкіндіктері мен апелляцияның тиімділігі туралы айтты және осы мәселе бойынша Еуропа мен басқа да мемлекеттердің тәжірибесімен бөлісті. Ол жаңа институттарды қолдану аясының кеңеюі туралы айта келе, 2018 жылы Эстонияның бірінші сатыдағы соттарында 5 749 қылмыстық істің қаралғанын атап өтті. Оның ішінде осы істердің 70,46%-ы келісімдік сот ісін жүргізу аясында қаралған әрі бұл жағдайда сот актілеріне шағым жасалмаған, істердің 0,46%-ы  қысқартылған іс жүргізу тәртібімен қаралған, 1,82%-ы бойынша сот бұйрықтары шығарылып, 7,05%-ы жалпы іс жүргізу тәртібімен қаралған. Істерді осылай қарау кезінде процестің толыққанды бәсекелестігі қамтамасыз етілген. 

 Сонымен қатар П. Гончаров Эстония апелляциясының тиімділігіне тоқтала келіп, ол үкімдердің 72,8%-ы өзгеріссіз қалдырылғанын, 19,7%-ының ішінара күші жойылғанын және            7,5%-ының толығымен күші жойылғанын атап өтті. Оның айтуынша, 2018 жылы бірінші сатыда қаралған 5 749 қылмыстық істің 8,14%-ы апелляциялық тәртіппен, тек 0,85%-ы жоғарғы сотта қаралған.

Ол Эстония прокуратурасының процестік шешімдер туралы статистикасына да тоқталды. Мәселен, алдын ала тергеудің 32%-ы  келісімдік іс жүргізу, 11%-ы жалпы іс жүргізу, істердің 6%-ы қысқартылған іс жүргізу, 12%-ы жеделдетілген іс жүргізу, 1%-ы бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қаралған. Істердің 7%-ы татуласу тәртібімен, ал 2%-ы жаза тағайындаудың орынсыз болуына байланысты аяқталған. Істердің 23%-ы кінәнің кішігірім болғаны үшін, 1%-ы қорғаушының өтініші бойынша аяқталса, істердің 5%-ы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жіберілген материалдарды құрайды.

П. Гончаров қылмыстық істердің Эстония апелляциясындағы жазбаша және ауызша сот ісін жүргізу тәртібі мен шектері туралы да айтты. Егер соттың бүкіл құрамы апелляцияның анық негізсіз екендігі туралы бірауыздан шешім қабылдаса, бұл елде шағымның қозғалыссыз әрі қаралмай қалдырылатыны туралы норма бар. Баяндамашы айыпталушының, сот ісін жүргізудің басқа да тараптарының округтік соттың отырысына қатысуы, сот тергеуін жүргізу тәртібі, округтік соттың өкілеттіктері және ҚПК нормаларын бұзу туралы да айтты.

Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Атырау облыстық және Нұр-Сұлтан қалалық соттарының судьялары Людмила Бектемірова, Айжан Әбуова, Қарлығаш Нұрмағамбетова, Мадина Саламатова, Айгүл Қалимұқашева мен Бақытжан Тоғанбаев апелляциялық соттардың қылмыстық істер бойынша біркелкі сот практикасын қамтамасыз етудегі рөлі туралы айтты.

Семинар барысында қылмыстық істер бойынша біркелкі сот практикасын әзірлеу, апелляциялық соттардың сот жүйесінің табысты жұмысындағы рөлі, сондай-ақ түйткіл мәселелер мен олардың қызметін одан әрі жетілдіру жолдары талқыланды. 

Іс-шара барысында сындарлы пікір алмасылды. Сонымен қатар ҚК мен ҚПК-ге өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар әзірленді.

Источник: 
Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі
Теги: