Жоғарғы Сот Төрағасы мен Шығыс Қазақстан облысының әкімі облыстық сот ғимаратының ашылу салтанатына қатысты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми Шығыс Қазақстан облыстық сотының ғимаратын салтанатты түрде ашты.

Іс-шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та қатысты. 

Салтанатты рәсімді бастай отырып Қ. Мәми шараға қатысушыларды алдағы мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтады.  

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияның сенімді кепілі ретінде заң үстемдігін, адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық мемлекет құруды негізгі мақсат етіп қойды. Осы бағытқа сәйкес Жоғарғы Сот қазақстандық сот төрелігінің моделін одан әрі жетілдіруді, барынша кемелденген тәуелсіз сот жүйесін құруды, азаматтардың соттарға деген сенім деңгейін арттыруды көздейді. Мемлекет басшылығы сот жүйесінің материалдық-техникалық жай-күйіне зор көңіл бөліп келеді. Біздің бүгінгі салтанатты іс-шарамыз – соның айқын дәлелі» - деді Жоғарғы Сот Төрағасы. Ол судьялар қолда бар барлық әлеуетті пайдаланып, тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен гүлденуі жолында алдарына қойылған міндеттерді іске асыра алатындығына зор сенім білдірді.   

Шығыс Қазақстан облысының әкімі биліктің сот тармағының айрықша маңыздылығына тоқтала отырып, салтанатты шараға қатысушыларды алдағы Конституция күнімен құттықтады.  Б.Сапарбаев облыстық судьялар корпусына бес автокөліктің кілтін тапсырды.

Мемлекет басшысына деген жылы лебіздерімен бөлісе отырып, Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Абай Рахметулин мен республиканың Судьялар Одағының төрағасы Серік Байбатыров жиналғандарды мерекемен құттықтады. 

Салтанатты ашылу рәсімінен кейін меймандар жаңа ғимаратты аралып көрді.

Жаңа ғимаратта 222 кабинет, соның ішінде судьялар мен сот отырыстары хатшыларына арналған 45 кабинет, сот отырыстарына арналған 14 зал орналасқан. Мұнда мәжіліс залы, жалпы отырыстарға арналған зал, конференц-зал, сондай-ақ тараптардың екі күту залы, баспасөз орталығы, музей мен психологиялық тынығу залы бар.

Мәжіліс залында салтанатты жағдайда Қ.Мәми бірқатар судьяларды ведомстволық медальдармен марапаттады.

Сот жүйесінің дамуына қосқан елеулі үлесі және көпжылдық жемісті еңбегі үшін отсавкадағы судья Галина Михина – Жоғарғы Соттың «Сот жүйесінің ардагері» медалімен марапатталды. Көпжылдық жемісті әрі мінсіз қызметі және сот-құқықтық жүйесінің дамуына қосқан қомақты үлесі үшін облыстық соттың судьясы Александр Лукьянов – Жоғарғы Соттың ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медаліне ие болды. Облыстық соттың судьясы Қыдырғали Ахметов пен Өскемен қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Еділ Күдербаевқа Жоғарғы Соттың ІІ дәрежелі «Сот жүйесінің үздігі» төс белгісі тапсырылды. 

Облыс әкімі мен республиканың Судьялар Одағы атынан да марапаттар табысталды.

Салтанатты шара соңында жас көшеттер отырғызылды.   

Қайнар: 
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі