Оралда сот өтемақы ретінде 6 миллион теңге моралдық залалды төлеуге міндеттеді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Батыс Қазақстан облысы Тасқала аудандық соты моральдық залал ретінде 6 миллион теңге өтемақыны өндірді.

Сотта анықталғандай, отағасы азамат М. ЖШС-да вагондарды жүктен босату жөнінде жұмысшы болып істеген.  Тасқала ауылының теміржол тұйығында  вагондарды  қиыршықтастан босату жұмыстарын жүргізу кезде, вагоннан құлап, өндірістік жарақат алып, ауруханада қайтыс болған.

Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға немесе өзінің еңбек міндеттерін орындау кезінде жұмыскердің өндірістік жарақаттану туралы №1 актіге сай жұмыскерге залал келтіргені жұмыс берушінің  кінәсі 100 пайызға анықталған. Сонымен бірге,  рақымшылық туралы акт  тағайындалып, қылмыстық іс бойынша өндіріс қысқартылған. Аталған факт бойынша қылмыстық іс шеңберінде азаматтық талап арыз берілмеген.

Талапкерлердің түсініктемесі бойынша, жақын адамының қайтыс болуы салдарынан отбасы асыраушысынан  айырылып, жан азабын тартып, уайым-қайғы шеккен. Туысқандары  ЖШС-нің келтірген моральдық залалын 10 миллион теңгеге бағалап, талап арызды қанағаттандыруды және жауапкерден  әр талапкерге 2 500 000 теңге көлемінде моральдық залал өндіруді сұраған.

ҚР АК-нің 951-бабының 1-тармағына сәйкес, моральдық зиян – жеке тұлғалардың өзiндiк мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарының бұзылуы, кемсiтiлуi немесе олардан айырылуы, оның iшiнде өзiне қарсы құқық бұзушылықтың жасалуы салдарынан жәбiрленушiнiң, ал осындай құқық бұзушылық салдарынан ол қайтыс болған жағдайда – жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) басынан кешірген (төзімін тауысқан, уайымға салған) жан азабы немесе тән азабы (қорлау, ызаландыру, қысым жасау, ашуландыру, ұялту, түңілту, тән қиналуы, залал шегу, қолайсыз жағдайда қалу және т.б.). Моральдық зиянды осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайлардан басқа реттерде, зиян келтiрушiнiң кiнәсi болған кезде зиян келтiрушi өтейдi.

Сот әр талапкердің пайдасына 2,5 миллион теңге өндіруді шектен тыс, асыра бағалау және қойылған талаптарын қанағаттандыруға жатпайды деп тауып, талап арызды ішінара қанағаттандырып, ЖШС-дан әр талапкердің пайдасына 1,5 миллион теңге, жалпы көлемі 6 млн. теңге және мемлекеттің кірісіне  4 538 теңге  баж салығын өндірді.

Қайнар: 
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі