Семейде сот ЖШС-дан 3 млн. теңге көлеміндегі моральдық зиян өтемақысын өндірді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Семей қалалық сотына И. кәмелет жасына толмаған балаларының мүддесіне «Д» ЖШС-ден моральдық зиян өтемақысын өндіру туралы талап арызбен жүгінді.

Талапкер талап арызында бұрынғы жұбайы жұмыс орнында өмірмен үйлеспейтін өндірістік жарақат алып, соның салдарынан кейіннен есін жимастан қайтыс болғанын көрсеткен. Өндірістегі жазатайым оқиғаға қатысты жасалған актіге сәйкес, зардап шеккен адамға күкіртті сутегі буына улану салдарынан бас миының және өкпенің ісуі диагнозы қойған. Осы жағдай технологиялық жұмыстарды жүргізу барысында қауіпсіздік талаптарын сақтамау салдарынан болған. Ұзақ мерзімге электр қуаты сөндірілгеннен кейін, жұмыс жүргізу процесінде газдармен улану қауіпін болдырмау мақсатында алдын ала жұмыс орындары желдетілмеген, бөлім басшылары адамдарды жұмыс орындарына жіберген, сонымен қатар зардап шеккен азамат респиратормен қамтамасыз етілмеген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес, азаматтың шарттық мiндеттемелердi, еңбек, қызмет және әскери қызмет мiндеттерiн орындауы кезiнде өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиян, толық көлемде зиян келтірген тұлға тарапынан өтеледі.

Сот И-дің талаптарын ішінара қанағаттандырды. ЖШС-ден кәмелет жасына толмаған балалардың пайдасына 3 млн. теңге көлемінде моральдық зиян өтемақысы өндірілді.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Қайнар: 
Шығыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі