Батыс Қазақстан облыстық сотында ҚР Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерінің негізгі новеллаларын талқылады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Батыс Қазақстан облыстық сотында  «Қазақстан Республикасының Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерінің негізгі новеллалары» атты тақырыбында семинар өтті. Іс-шараға облыстық, аудандық және оларға теңестірілген соттар судьялары, прокуратура, ішкі істер, қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері қатысты.

Семинарды ашқан облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мирамбек Нағашыбаев 2015 жылы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін жаңа заңдарды талқылауға арналған бұл шараның маңыздылығына тоқталды.

Орал қалалық сотының судьясы Г.Гимадутдинова өз баяндамасында: «Жаңа Қылмыстық кодекске жаңадан 156 қылмыстық теріс қылық институты енгізілген. Оның 47-і бұрынғы әкімшілік құқық бұзушылықтар, 100-і бас бостандығынан айырмайтын ауыр емес қылмыстар, 9-ы бұрын Қылмыстық кодексте де, әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде де көзделмеген әрекеттер. Қылмыстық қылықтар соттылыққа жатпайды», - деп атап көрсетті баяндамашы.

Тағы бір атап көрсетілген жаңа өзгерістердің бірі Ерекше бөлігінің дербес тарауына жатқызылған медициналық және компьютерлік қылмыстар болып табылады. Террорлық және экстремистік қылмыстарға жауапкершіліктер күшейтілген. Қолданыстағы кодекспен салыстырғанда бас бостандығынан айырудың баламалы шараларын неғұрлым кеңейтуге бағытталған жазалар желісі қарастырылған.

Семинарда баяндама жасаған Орал қалалық сотының судьясы Ұ.Мұқанғалиева Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген тергеу судьясының өкілеттіліктерін жүзеге асыру мәселелеріне тоқталды.

Семинар барысында прокуратура, ішкі істер органдарының, адвокаттар алқасының өкілдері сөз сөйледі.

Іс-шара қорытындысы бойынша еліміздің жаңа қылмыстық заңнамаларының қолданылуы жөнінде өзара пікір алмасу болды. 

Источник: 
Батыс-Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі