Атырау облыстық сотының төрағасы М.Бектұрғанов: «Билер соты – Қазақстандағы теңдесі жоқ сот жүйесі»

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Атырауда Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласын бүкілхалықтық талқылау аясында «Билер соты – қазақ қоғамының ұлттық құндылығы» атты көне дала институтына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияны Атырау облыстық соты Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетімен бірлесіп, осы оқу орнының қабырғасында ұйымдастырды.

Конференцияны ашқан университет ректоры Абзал Тәлтенов барлық қатысушыларды билердің рөлі мен дәрежесінің маңыздылығын жан-жақты талқылауға және де бүгінгі конференцияның түпкі мақсатына қол жеткізуге шақырды.

Кіріспе сөз сөйлеген Атырау облыстық сотының төрағасы Марғұлан Бектұрғанов Елбасы өзінің бағдарламалық құжатында ХХІ ғасырдағы қазақстандықтардың ұлттық сана-сезімін дамытудың нақты тетіктерін ұсынғанын атай келе, қазақ халқының бай тарихи мұрасын сақтап қалудың маңыздылығына тоқталды.

«Қазақтың билер соты – теңдесі жоқ сот жүйесі. Тек қоғамдық сананы жаңғырту арқылы біз билер сотының элементтерін тану және қалпына келтіру арқылы, оны ұлттық құндылық ретінде сақтап қалуымызға мүмкіндігіміз бар. Бүгін сот жүйесі көшпелі өркениеттің құқық жүйесін жалпы мәдени құндылықтар ретінде тани отырып, теңдесі жоқ билер сотын зерттеуді әлем жұртшылығының алдына шығаруға талпынуда» - деді М.Бектұрғанов.

         Алқалы жиында судьялар, медиаторлар, профессорлар мен жоғарғы оқу орнының студенттері сөз алып, өз баяндамаларында билер сотының рөлін тереңінен ашып, XVII ғасырдың екінші жартысы мен XVIII ғасырдың бірінші жартысында Ұлы дала медиаторы атанып, аңызға айналған атақты үш би – Төле, Қазыбек, Әйтеке билер туралы сөз қозғады.

Облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Т.Аман-Тұрлина өз сөзінде сот дауларын шешудің алып бөлігі билердің еншісіне түскенін, ал басқару жүйесінде сот билігі биліктің жетекші нысандарының бірі болғанын айтты.

«Құрамында біздің жерлесіміз Салық Зиманов болған отандық ғалым-құықтанушылар тобы қазақтардың ежелгі құқығына қатысты тарих орасан бөлшегін қалпына келтіру мақсатында күрделі жұмыстар жүргізді. Олардың көптеген жылғы зерттеулерін пайымдап, бағасын берудің өзі оңай шаруа емес» - деді Т.Аман-Тұрлина.

Конференция жұмысының қорытындысы бойынша қатысушылар «Жеті Жарғы» заңы негізінде ахуалдық тапсырмаларды  шешіп, мемлекет тарихы мен қазақтың дәстүрлі құқығына арналған бейнефильмді тамашалап, кітаптар көрмесімен танысты.

Жұмысты қорытындылай келе М.Бектұрғанов бұл конференция билер соты институты арқылы ұлттық код пен мәдениетті сақтау жолындағы алғашқы әрі өте маңызды қадам болып табылатындығын айтты.