Ақтөбе облыстық сотының төрағасы М.Әкетай: «Бірлік – халықтың ынтымағы арқасында қол жеткізген еліміздің басты құндылықтарының бірі»

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақтөбе облыстық соты мен өңірдегі барлық соттарда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 72 жылдығын мерекелеуге арналған салтанатты іс-шаралар өткізілді.

«Мәңгілік алау» даңқ мемориалына гүлдер мен гүл шоқтары қойылды.

Облыстық соттың төрағасы Мұратғали Әкетай Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Әбдіразақұлы Мәмидің атынан соғыс ардагерлерін тыл еңбеккерлерін және сот жүйесінің ардагерлерін құттықтап, Жеңіс күні әрқайсымыз үшін айтулы мереке екенін, қанша уақыт өтсе де, Ұлы Отан соғысы жылдарында барлық сынақтардан өткен адамдардың батылдығы мен жанқиярлығы мәңгі халық есінде екенін атап өтті.

Ол Елбасының «Мәңгілік ел» бағдарламасына назар аударып, ондағы қазақстандықтардың бірлігі, республикамыздың дамуы мен өркендеуі, тағдыры үшін жауапкершілігі басты жалпыұлттық құндылықтар қатарында екендігіне айрықша тоқталып өтті.  

Сот жүйесінің ардагерлеріне арналған мерекелік концерт пен далалық асхана ұйымдастырылды, қонақтар назарына Ұлы Отан соғысы туралы қысқа метражды деректі фильм ұсынылды.

Ардагерлер тұрақты көрсетілетін  ерекше қамқорлық мен ықыласы үшін сот жүйесінің басшылығына алғыстарын білдірді.

 

 

Жамбыл облыстық сотында Отан қорғаушылар және Жеңіс күні мерекесіне орай салтанатты іс-шара өткізілді

Салтанатты іс-шараны облыстық соттың төрағасы Рүстем Алшынбаев ашып, барлық қатысушыларды құттықтады. Мұндай құттықтау сөзді сот алқасының төрағалары, Соттар әкімшісінің басшысы, отставкадағы судьялар, сот жүйесінің ардагерлері және Жамбыл облысының судьялары да айтты.

Отан қорғаушылар және Жеңіс күні мерекесін тойлау құрметіне орай сот жүйесіндегі атқарған абыройлы еңбегі және сот төрелігін жүзеге асырудағы белсенді қызметі үшін Жамбыл облыстық соты төрағасының құрмет грамоталарымен облыстық соттың судьялары Нұрлан Жұмағұлов, Меирхан Атибеков, Жуалы аудандық сотының судьясы Айдарбек Замбаев, Шу аудандық сотының судьясы Бабырхан Абуев марапатталды.

Сонымен қатар, Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының, Тараз қалалық сотының, Қордай аудандық сотының қызметкерлері Әбдумәлік  Әділов, Бекжан Парманқұлов, Жанна Әлімбаева және Райхан Нүсібәлі, Талғат Үрістемов марапатталды.

Жамбыл облысы бойынша Соттар әкімшісінің құрмет грамоталарымен Қордай аудандық сотының бас маманы Талғат Үрістемов, Тұрар Рысқұлов аудандық сотының жетекші маманы Берікбай Ерболат, Тараз қалалық сотының жетекші маманы Жандарбек Нұрболат марапатталды.

Салтанатты іс-шара облыс соттарының мамандары ұйымдастырған әсерлі концертпен, мерекелік дастарханмен аяқталып, мерекелік сыйлықтар табыс етілді.

 

Әскери сотта Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар күнін мерекелеуге арналған салтанатты іс-шара өтті. Аталған іс-шараға судьялар, сот жүйесінің ардагерлері, сонымен қатар, Соттар әкімшісінің қызметкерлері қатысты.

Әскери соттың төрағасы Сакен Абдолла іс-шараны аша келе, бұл мерекенің барлық қазақстандықтар үшін маңыздылығын атап, келе жатқан мерекелер біздің еліміздің ерлігі, ар-намысы мен батылдығының белгісі екенін айтып өтті.

«Қазақстандағы Жеңіс күні аға ұрпақтың жарқын болашақ үшін майдандағы және тылдағы ерлігін бейнелейді» дей келе, Отан қорғаушылар күнін ерекше атап өтті. «Республиканың қазіргі Қарулы Күштері ұлан-байтақ жеріміз бен еліміздің қорғанысын қамтамасыз етуде» - деді С.Абдолла.

Мерекелік көңіл-күйді жеткізу үшін барлық сот қызметкерлері әскери киімде болды.

Арнайы шақырылған қонақтарға сот аумағында шатыр тұрғызылып, дастархан жайылды. Үрмелі аспаптар оркестрі шақырылып, әскери қызметшілер жекпе-жек өнерінің әдістерін көрсетті. Әскери сот ұжымының  күшімен театралды-концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, мамандар соғыс жылдарындағы әндерді айтып, би биледі.

Концерттік бағдарлама аяқталғаннан кейін іс-шараға қатысушылар жас ағаш көшеттерін отырғызу рәсіміне қатысты.

Мерекелік іс-шара соңында барлық қонақтарға естелік сыйлықтар табыс етілді.

 

Маңғыстау  облыстық сотында Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс күніне орай салтанатты іс-шара өткізілді.

Салтанатты рәсімге облыс судьялары мен сот қызметкерлері қатысты.

Іс-шара шымылдығы Қазақстан Республикасының әнұранымен ашылып, жиналғандар соғыс жылдарында қаза болған жауынгерлерді бір минут үнсіздік жариялап, еске алды.

Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы м.а. Ғ.Бастаубаев қатысушыларды мерекелермен құттықтап, бұл күн – жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы мәңгілік желбіреген күн болып, тарих беттеріне алтын әріптермен жазылғандығына тоқталды.

«Еліміздегі бүгінгі бейбітшілік, егемендіктің ақ таңы, еңсеміздің биіктігі, мемлекетіміздің  өркендеуі мен экономикамыздың дамуы – осынау мерекенің бізге тартқан тәтті  сыйы деп білемін»,- деді Ғ.Бастаубаев.

Мерекеге орай төрағалық және судьялық қызмет атқаратын Ауған соғысы мен  Чернобыль апаты салдарын жоюға қатысқан ардагерлерге де құрмет көрсетіліп, Кеңес әскерлерінің қатарында қайталанбас ерлік үлгісімен танылып, кейінгі ұрпаққа патриоттық рухты насихаттап жүргені үшін облыстық сот төрағасының алғыс хаттары тапсырылды.

Жиында жас мамандардың ант қабылдау рәсімі өткізіліп, «Мемлекеттік тілдегі ең үздік сот отырысы» облыстық конкурсының жеңімпаздары марапатталды. Осы конкурста І орынға ие болған Жаңаөзен қалалық сотының судьясы Д.Тұрсынбаевтың материалы комиссия шешімімен республикалық конкурсқа жолданатын болды.

 

Атырау облыстық соты Судьялар одағының филиалымен бірлесіп, Жеңіс және Отан қорғаушылар күніне арналған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды.

Таңертеңнен судьялар мен облыстық, қалалық, әскери прокуратураның және ішкі істер органдарының қызметкерлері Атырау қаласының №2 соты ғимаратының қабырғасында орналасқан У.Тұрымов, Ә.Қайнарбаев, Ө.Мырзалиев, Қ.Айтешев сынды Отан соғысын өткерген майдангерлердің ескерткіш тақталарына гүл шоқтарын қою үшін жиналды.

Салтанатты жиынды ашқан Атырау облыстық сотының төрағасы Марғұлан Бектұрғанов осыдан дәл екі жыл бұрын, көп жыл сот жүйесіне адал қызмет еткен, соғыс ардагерлерінің құрметіне ескерткіш тақталары орнатылғанын еске салды.

Сонымен қатар, аталған іс-шараға өз жолдастарына сыйластық білдіру үшін Отан соғысының ардагерлері, облыстың зиялы қауым өкілдері А.Айбаров пен О.Қарасаевта келді.

Барлық ерлердің есімін ұлықтауға келгендер мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қойды.

Іс-шараның келесі бөлігі ардагер қонақтарға құрмет көрсету үшін сот ғимаратында жалғасты. Оларға жергілікті әртістердің қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Кейін майдангерлермен жылы жүздесу мерекелік дастарханда жалғасын тапты.

Күннің екінші жартысында облыстық соттың мәжіліс залында ұжымның әйелдер қауымы ерлерді Отан қорғаушылар күнімен салтанатты түрде құттықтап, нәзік жандылар өз өнерлерін көрсетті.

Іс-шараның құрметті қонағы ретінде белгілі заңгер, журналист Ирак Елекеев қатысты.

 

Ақмола облыстық сотында Отан қорғаушылар мен Жеңіс күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Облыстық соттың төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов ардагерлер, судьялар мен сот қызметкерлерін құттықтай отырып: «Көктемнің шуақты күндері екі мейрамның қатар тойлануы, халқымыздың бірлігі, айбыны мен қуатының белгісі. Отан қорғаушылар мен Жеңіс күні ұрпақтар сабақтастығы болып табылады. Біз өзіміздің басты құндылықтарымыз – бейбітшілік, тәуелсіздік пен тұрақтылықты сақтауымыз керек» - деді.

Ақмола облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл өткізілген іс-шараның өскелең ұрпақ пен халық үшін маңыздылығын айтып өтті. 

Соғыс жылдарынан сахналық қойылымдар қойылып, Ұлы Отан соғысына қатысқан – судьяларға арналған бейнефильм көрсетілді.

Іс-шара сот жүйесінің ардагерлеріне арналған концерттік бағдарламаны тамашалаумен аяқталды.

 

Шығыс Қазақстан облыстық сотында салтанатты іс-шараға  соғыс және тыл ардагерлері, сот жүйесінің қызметкерлері: В.Кизаметдинов, А.Тлеубергенев, М.Тлеубергенев, Т.Маусеитов, Г.Ахмерова, Т.Немцева, В.Балачева, А.Ануарбеков, Г.Михина, Г.Рябова, С.Аталыков, Л.Долженко, Б.Акимжанов и Б.Молгабылов шақырылды.  

Мерекелік іс-шарада Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров қонақтарды атаулы мерекемен құттықтап, оларға зор денсаулық, амандық және бейбіт өмір тіледі.

- Біз, сіздердің әлемді фашизмнен қорғаудағы ерліктеріңіз бен батырлықтарыңызды ешқашан ұмытпаймыз. Майдан және тыл  батырлары туралы естеліктер мәңгі жүрегімізде қалады- деді Д.Әміров.

Салтанатты шара мерекелік концертке ұласты.

Қалыптасқан дәстүрге сәйкес, сот қауымдастығының өкілдері мен сот жүйесінің ардагерлері Ұлы Отан соғысында өмірін қиып, қаза болған жауынгерлерге тағзым етіп, салтанатты түрде оркестердің орындауындағы  әндермен, арнайы жасақтармен Даңқ мемориалына  соғыста қаза тапқандарды минуттық  үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын қойды.

Шара мерекелік түскі аспен жалғасып, ардагерлерге арналған құттықтаулар айтылды.

Осы күні облыстың барлық аудандық және оған теңестірілген соттарында сот жүйесінің ардагерлеріне арналған салтанатты іс-шаралар өтті.

 

Павлодар облыстық сотында Ұлы Жеңіс пен Отан қорғаушылар күнін мерекелеуге арналған салтанатты жиын өтті.

Салтанатты іс-шараға облыстық соттың төрағасы, алқа төрағалары мен судьялары қатысты.

Облыстық соттың төрағасы Мұхтар Смағұлов осы мерекелер шынында қазақстандықтардың барлық буынын біріктіретін жалпыхалықтық мейрам болып табылатындығын атап өтті.

Мұхтар Смағұлов: «Жеңіс күні – біздің халқымыздың ерлігін, қажымас қайсарлығы мен жеңілмейтін рухын бейнелейтін ұлы мереке. Жеңіс үшін барлық күш-жігерін берген қаһарман аталарымыздың арқасында біз болашаққа жоспар құрып, ертеңгі күн туралы тыныш ойлай аламыз. Осы күні соғыс ардагерлерге, тың еңбеккерлеріне ерекше құрмет көрсеткіміз келеді. Біз оларды әр уақытта есімізде сақтап, құрметтейміз», - деді .

Іс-шара соңында концерттік бағдарлама ұсынылып, әскери және патриоттық әндер орындалды.

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі