Құрметті оқырмандар!

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен және  9 мамыр – Жеңіс күнімен құттықтаймын!

Жеңіс күні – бұл естелікке толы мереке және өскелең ұрпаққа бейбіт өмірдің қадір-қасиеті туралы өсиет айтатын айрықша күн. Бұл мереке сұрапыл соғысқа қатысып, фашизмді тізе бүктірген аталарымыз бен әкелеріміздің қаһармандық ерліктері мен жанқиярлық қайсарлығын еске түсіреді. Олардың бірқатары Жеңіс күніне жете алмады, көбісі өмірден өтті. Дегенмен, олардың ерліктері туралы естелік ұрпақ жадында мәңгі сақталмақ.

Жеңіс күні – бұл бойымызды мақтаныш сезімі кернеп,  ерлікке толы оқиғаларға тәнті болатын мереке. Біздер Отан үшін жанын құрбан еткен аға ұрпақтың, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерліктері мен Жеңіс жолындағы шыдамдылығын әлі талай мақтана айтатын боламыз.

Сіздер өзге халық өкілдерімен иық теңестіре отырып, Отанымызды және бүкіл әлемді фашизмнен қорғай алдыңыздар. Брест қамалын қорғаудағы, Мәскеу, Ленинград, Сталинград түбіндегі, Берлинді алу кезіндегі жанкештілік пен борышқа деген адалдықтың жарқын үлгілері бізді әлі күнге дейін таң қалдырады. Бұл – патриотизм мен Отанға деген риясыз махаббаттың белгісі.

Тыл еңбеккерлеріне де айрықша алғыс білдіргім келеді. Сіздер соғыс жылдарындағы қиындықтарға қарамастан, күнделікті ауыр еңбекті еңсеріп, Жеңісті барынша жақындаттыңыздар. Сіздер майданға кеткен азаматтардың орнын басып, Қазақстанға көшірілген жүздеген зауыттың өндірісін іске қостыңыздар. Сіздер майданға танктер, ұшақтар, оқ дәрілер мен азық-түлік өнімдерін жөнелтіп, Жеңіске жетуге сүбелі үлес қостыңыздар.    

 Республикамызда Жеңіс күні қарсаңында Отан қорғаушылар күнін атап өтудің мәні зор. Бұл – ұрпақтар сабақтастығы мен әскери дәстүрді жалғастырудың айшықты көрсеткіші. Бүгінде тәуелсіз Қазақстанның қарулы күштері әскери дайындықтың жоғары деңгейін көрсетуде, заманауи техниканы басқарып,  елімізді қорғау бойынша барлық міндеттерді орындауға дайын.

Айтулы мерекелер қарсаңында баршаңызға зор денсаулық, құт-береке, толайым табыстар, ең бастысы, ашық аспан тілеймін!    

 

Жоғарғы Сотының Төрағасы                                                                                                         Қайрат Мәми

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі