Республика соттары ҰОС және еңбек ардагерлерін алдағы келе жатқан мерекелерімен құттықтады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Отан қоғаушылар күні және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 72 жылдығы мерекелерінің қарсаңында республика соттарының ұжымдары өз аумақтарында тұратын соғысының және еңбек ардагерлерінің құттықтады.

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шәріпов пен облыстың Судьялар одағы филиалының төрағасы Ақылбек Елшібаев бейбіт өмірді қорғау мақсатында сұрапыл соғыс жолынан өтіп, одан кейінгі ауыр жылдарда зейнеткерлікке шыққанға дейін 30 жылдан астам уақыт бойы облыстың сот жүйесінде судьялық қызмет атқарып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаған Ұлы Отан соғысының және сот жүйесінің ардагері Айтжан Бекназаровтың үйінде болды.

Айтжан ақсақалды алдағы мерекелермен шын жүректен құттықтаған Нұрсерік Шәріпов, оның 95 жылдық мерейтойына орай жуырда облыстық сотта өткен іс-шарадан естелік суреттермен толтырылған альбомды сыйға тартып, «Аса құрметті Айтжан Тассейітұлы, Сізге бар жақсылық пен зор денсаулықты және балаларыңыз бен немерелеріңіздің қамқорлығының арқасында ұзақ ғұмыр сүруіңізді тілеймін», - деді.

Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Тугел Бекімбетов және облыстық соттың судьялары Виталий Мирошников пен Лаура Орынбаева соғыс жылдары тылда фельдшерлік қызмет атқарып, жаралы жауынгерлер үшін жиі қан тапсырып отырған, ал 1963 жылдан бастап 1982 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін облыстың Джержинский аудандық сотында халық судьясы болып еңбек еткен сот жүйесінің ардагері Августа Евстафьеваның үйіне барды.

Түлкібас аудандық сотының төрағасы Айдос Сұлтанов бастаған аудандық соттың судьялары мен мамандары ұзақ жылдарын Шымкент облыстық сотының кеңсесіндегі жұмысқа арнаған тыл және еңбек ардагері Нина Кириченконы салтанатты жағдайда құттықтады.

Түркістан қалалық сотының төрағасы Омар Серікбаев өз ұжымымен бірге 1944 жылдан бастап 1997 жылға дейін Түркістан қалалық сотының кеңсе меңгерушісі болып қызмет атқарған Ұлы Отан соғысының тыл және еңбек ардагері Рахымжан Қадыровты құттықтады.

Кездесулер барысында сот ұжымдарының өкілдері ардагерлерге еліміздің қазіргідей бейбіт өмір сүруі үшін, олардың Ұлы Отан соғысы жылдарында жасаған ерліктеріне шексіз алғыстарын білдірді.

Ал, ардагерлер бүгінгі ұрпаққа өздерінің соғыстағы бастан кешкен оқиғалары және жолдастарының ерліктері туралы естеліктерімен бөлісіп, сот ұжымдарына сот төрелігін атқаруда жетістіктер мен бәріміздің аспанымыз ашық болуын тіледі.

Сот ұжымдарының атынан барлық ардагерлерге материалдық көмек көрсетіліп, естелік сыйлықтар тапсырылды.

 

Жамбыл облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрмұхаммат Абидов, Жамбыл облыстық сотының судьясы Гүлнәр Сыздықова және ҚР судьялар Одағы Жамбыл облыстық филиалының төрайымы Тахмина Сұлтанова Ұлы Отан Соғысының ардагері Мұхан Бұжықовты келе жатқан мерекелерімен құттықтады.

Кездесу барысында ардагер соғыс және майдан жолы туралы айтты. Мұхан Төлебайұлы соғыстың жауынгерлік айқасын есіне түсіріп, соғыс жылдарынан кейінгі сот жүйесі жұмысындағы қызықты жағдайларымен бөлісті. Соғыстан кейінгі уақытта М. Бұжықов нотариус мекемесінде тағылымдамашы, Жамбыл қаласының бірінші учаскесінде халық судьясы, прокурордың көмекшісі, адвокат, заңгерлік кеңесінің меңгерушісі, Жамбыл қалалық сотының судьясы, Жамбыл қаласы Орталық ауданы ұлттық сотының төрағасы болып қызмет атқарған.

 

Қостанай облыстық сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев бүгінде өмірден өткен Ұлы Отан соғысының және сот жүйесі ардагерлерінің жұбайларын 9 мамыр - Жеңіс Күні мерекесімен құттықтады. Мерекелік іс-шараға кезінде соғыс ардагерлерімен бірге жұмыс істеген сот жүйесінің қызметкерлері де шақырылды.

Төраға құттықтау сөзінде, 9 мамыр кейінгі ұрпақ үшін ерекше шуақыты күн екенін атап өтті.

- Бұл күн «Жеңімпаз» деген үлкен шенді иеленген сол заман ұрпағының ержүректігі, қайсарлығы мен намысшылдығы баршамызға үлгі болар адамзат бойындағы ең қадірлі қасиеттер. Жылдар жылжыған сайын сұрапыл соғыстың ызғары басылып, бұлты сейілгенімен, оның тарихтағы орыны, ол жылдарда халық басына түскен қасірет ұмытылмақ емес. Керісінше, уақыт өткен сайын сол тұстағы ұрпақтың жан жарасын айқын түсіне бастағандаймыз,- деді А.Мерғалиев.

Ардагерлер атынан сөз сөйлеген Алексей Кобцев салтанатты жиынға қатысушыларды мерекемен құттықтады. «Сол кезде ел үшін майдан даласына аттанған жауынгерлердің арқасында біздер тірі қалдық. Білімі аз болса да олар соғыс жылдарында да, соғыс аяқталғаннан кейін де ел еңсесін көтеру үшін қажырлы еңбек етті»,- деп атап өтті ардагер.

Құттықтаудан кейін облыстық сот төрағасы А.Мерғалиев ардагерлерді дала асханасына сарбаздар дайындаған жауынгер ботқасынан ауыз тиюге шақырды.

Бұған қоса, Жеңіс күні мерекесі қарсаңында Асламбек Амангелдіұлы ардагер Баймақанов Бекмағамбет Шоқайұлының жұбайы, Қарабалық ауданында тұратын  Ақыш Әбілтайқызын құттықтады.

Баймақанов Бекмағамбет Шоқайұлы сұрапыл соғысты басынан кешіріп, жеңіспен елге оралған соң 20 жылдан астам уақыт Қостанай облысында сот жүйесінде қызмет атқарған.

1986 жылы судья Бекмағамбет Шоқайұлы құрметті демалысқа шығып, 1998 жылы жылы ардақты азамат өмірден озды.

Ардагер жұбайы көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, сот басшылығына алғысын айтты.

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі