Ақмола облысының соттары мен құқық қорғау органдары қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелерін талқылады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақмола облыстық соты төрағасының міндетін атқарушы Раджаб Даминов «дөңгелек үстел» өткізді. Оның барысында осы іс-шараға қатысушылар қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу, соттың алдын алу қызметі мен жеке қаулылардың рөлі туралы мәселелер талқыланды. 

Кездесуге прокуратура, ҰҚК департаменттері, экономикалық тергеу қызметінің, полицияның және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның өкілдері қатысты.

Р. Даминов Президенттің Жолдауында көрсетілген міндеттер: халықпен кері байланысты қамтамасыз ету, жеке адамға қарсы ауыр қылмыстар үшін жазаны күшейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі күрес жүргізу мәселелерін еске салды.

«Президент сот шешімдерінің сапасын жақсарту бойынша бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыруды, сот шешімдеріне мұқият талдау жасауды, сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз етуді тапсырып, әкімшілік әділетті енгізудің қажеттілігін атап өтті", - деді ол.

Өз сөзінде МАЭС судьясы Ерлан Қосжанов сот-процестік қызметте алдын алу функцияларын қолдану, ювенальдық соттың төрағасы Айсұлу Жұматова кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу туралы әңгімеледі. Көкшетау қалалық сотының судьясы Арайлым Садықова, прокурордың көмекшісі Санат Шәріпов, Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Баймұқанов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік департаменті тергеу басқармасының бастығы Руслан Тұрғамбеков және Экономикалық тергеу департаменті профилактикалық жұмыс және бақылау басқармасының бастығы Асхат Исмаилов жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шаралар туралы айтып берді.

Олар өз сөздерінде жұмыстарының негізгі бағыттары құқық бұзушылықтың алдын алу, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету, өмірде қиын жағдайға тап болған азаматтарды әлеуметтік оңалту, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу болып табылатынын атап өтті.

Кездесу соңында Р. Даминов кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіру мәселелеріне баса назар аударды.

Источник: 
Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі