Сарыарқа аудандық сотында сот жүйесінде ақпараттық технологияларды дамыту бойынша Жоғарғы Соттың пилоттық жобасы жүзеге асырылуда

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Астана қаласы Сарыарқа  аудандық  сотында сот жүйесінде ақпараттық технологияларды одан әрі дамытуды талқылау бойынша «дөңгелек үстел» өтті.

 Жоғарғы Соттың ақпараттық технологиялар бөлімінің меңгерушісі Серғазы Омаш, сот төрағасы Арман Жүкенов, прокуратура өкілдері, адвокаттар және IT-мамандары «дөңгелек үстел» жұмысына сот базасын басқа мемлекеттік органдардың жүйесімен интеграциялау арқылы  ақпараттық технологияларды жетілдіру бойынша ұсынымдар енгізу мақсатында қатысты.

Кездесуде сөз алған Серғазы Омаш 2017 жылы Сарыарқа аудандық сотында Жоғарғы Соттың пилоттық жобалары іске асырылатынын айтты. Сотта бұйрық арқылы іс жүргізу істерін электронды түрде қарау сәтті жүзеге асырылды. Судьялар мен сот қызметкерлерінен келіп түскен ұсыныстарға сәйкес, аталған жоба ағымдағы жылдың шілде айынан бастап барлық республика соттарында енгізілетін болады.

Сонымен бірге, Серғазы Омаштың айтуынша, жақын арада Жоғарғы Сот «Заңдылық» атты сот және прокуратураның ақпараттық-талдау жүйесіне ұқсас судьяларға көмек модулін және сот отырысы залында судья, прокурор және адвокаттар үшін автоматты жұмыс орнын құруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, көп ұзамай кәдімгі мобильді құрылғы көмегімен бейнебайланыс арқылы сот отырысы залдарына қосылуға болады.

«Дөңгелек үстел» қатысушылары  ақпараттық технологияларды енгізу сот төрелігін жүзеге асыру процесін едәуір жеңілдетіп, сот қорғауының қолжетімділігін арттыруға, бірыңғай сот практикасын және құқықтық айқындылық принципін қалыптастыруға ықпал ететіндігін атап өтті.    

Источник: 
Астана қалалық сотының баспасөз қызметі