Бүгін ҚР Жоғарғы Соты Германия халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорымен бірлесіп халықаралық конференция өткізді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

2014 жылы 6 маусымда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Германия халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорымен (IRZ) бірлесіп, «Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексі – уақыт талабы» тақырыбында Азаматтық іс жүргізу кодексінің жаңа редакциядағы жобасын талқылау шеңберінде халықаралық конференция өткізді.

Халықаралық конференцияның жұмысына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ғалымдар, қазақстандық және халықаралық сарапшылар қатысты.

Конференцияны ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми, ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары Талғат Донақов, Германия халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорының (IRZ) басшысы Дирк Миро құттықтау сөзбен ашты.

ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Қ. Мәми өз сөзінде: «Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Қазақстан Республикасы судьяларының VІ съезінде азаматтық істерді қарау тәртібі процеске қатысушы тараптар үшін ыңғайлы әрі жылдам, сондай-ақ оларды татуластыруға және заманауи технологияларды кеңінен қолдануға бағытталуы тиіс.

Қазақстанның азаматтық сот өндірісінің жаңа моделін құру тараптардың, мемлекет пен азаматтар мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ететін прагматикалық тәсілге негізделген. Біз қазақстандық қоғамға тән қалпына келтірілетін сот төрелігі тұжырымдамасын қолдаймыз», - деп атап өтті. 

Жаңа редакциядағы Кодексте сот ісін жүргізуге қатысушылардың іс жүргізу құқықтары мен міндеттерінің объективті теңгерімі көзделген. Жоба 533 бапты, 60 тарау мен 4 бөлімді қамтиды. Жобада соттардың қызметіндегі техникалық құралдарды кеңінен пайдалану арқылы азаматтық істерді қарау тәртібін жеңілдетуге бағытталған негізгі ережелер қарастырылған. Ұсынылатын барлық шаралар халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету қажеттігі ескеріліп қабылданатын болады.

Жекелеген санаттағы істер бойынша «Мүліктік дауларды сотқа дейін реттеу» деген жаңа тарау қосылды. Істі сот талқылауына дайындау сатысы жетілдірілді. «Дәлелдемелер және дәлелдеу» тарауында «нақтылы деректер» атты дәлелдеменің жаңа ұғымы беріледі.

Судьялардың тәуелсіздігі қағидатын дамыту үшін соттың іс жүргізуінде жатқан азаматтық істі сол іс бойынша шығарылған сот актілері күшіне енгенге дейін сұратып алдыруға жол берілмейтін болып бекітілді.    Азаматтық процесте тараптардың өкілдік ету институты жетілдірілді. Жобаның 2-бөліміне «Жазбаша іс жүргізу» мен «Бұйрық арқылы іс жүргізуді»  қамтитын «Жеңілдетілген іс жүргізу» деген кіші бөлім енгізіледі.

Апелляциялық сатыдағы сотта істерді қарау тәртібі жетілдіріледі. Істерді жаңадан қарауға жіберу негіздері азайтылды. Талап арыздар (арыздар) мен шағымдарды, сондай-ақ оларға қоса берілетін құжаттарды бірінші, апелляциялық, кассациялық және қадағалау сатыларындағы соттарға электрондық нұсқада беру мүмкіндігі көзделеді.

Сонымен қатар, жобада іс жүргізу нормаларын жетілдіруге бағытталған басқа да түзетулер көзделеді.

Конференция жұмысының барысында азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы Е.Н.Әбдіқадыров (баяндамасы: «АІЖК жобасының мақсаттары мен міндеттері. Азаматтық сот ісін жүргізуді жеңілдету және жеделдету»), Еуропа Кеңесінің адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Соттың заңгері В.А.Лукашевич (баяндамасы: «Жаңа АІЖК жобасында әділ сот талқылауының халықаралық стандарттарын іске асыру мәселелері»), Берлин қаласы Жер сотының төрағалық етуші судьясы, Германия халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорының (IRZ) сарапшысы Лотар Юнеманн – (баяндамасы: «Германияның істі сот талқылауына дайындау және соттағы татуластыру рәсімдері жөніндегі тәжірибесі»), Ресей Федерациясы Жоғарғы Сотының судьясы А.А.Кликушина (баяндамасы: «Сот актілерін қайта қарау. Ресей Федерациясының тәжірибесі») және басқа да баяндамашылар сөз сөйледі.

Конференцияның жұмысы аяқталған соң талқыланған мәселелердің қорытындысы шығарылып, тиісті ұсынымдар қабылданды.

Қайнар: 
ҚР Жоғарғы Сотының Баспасөз қызметі