Құрметті оқырмандар!

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Сіздерді Жаңа жылдарыңызбен шын жүректен құттықтаймын!

Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген 2021 жылы еліміздің сот жүйесінде бірқатар жаңа бастамалар сәтті іске асты.

1 шілдеден бастап Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қолданысқа енді. Өңірлерде 21 әкімшілік сот құрылды.

Соңғы 5 айда аталған соттарға 11 мыңға жуық іс келіп түсті. Мемлекеттік органдармен дауларда әрбір екінші іс бойынша соттар азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғады.

Соттардың тараптарды татуластыру әрекетін қабылдай алмайтындар қатары көп болатын. Ал қазір сотта бітімге келу қалыпты үрдіске айналды. 2019 жылға дейін татуласу үлесі 10%-ды құраса, осы жылдан бастап 34%-ға артты. Егер азаматтар мәселені шешіп, қол алысса, онда қоғамның береке-бірлігі нығая түсері анық.

Соңғы 4 жылда ауыр қылмыстар бойынша ақтау үкімдерінің саны 10 есе артты. Егер 2018 жылға дейін ақталғандар саны 20 жуық адамды құраса, қазір 200-ге жуық.       

Жаңа жылда бірқатар жаңа жобаларды іске қосатын боламыз.  

Бірінші. «Сотқа дейінгі хаттама». Осы жоба іске асқан елдерде даулардың басым бөлігі сотқа дейін шешілген. Тараптардың өз дәлелдемелерін бір-біріне алдын-ала ұсынуы нәтижесінде қоғамдағы шиеленіс деңгейі азаяды деп сенеміз.      

Екінші. «Аумақаралық соттылық». Қазір сотқа келіп түскен істі IT-жүйе автоматты түрде сол соттың нақты бір судьясына бөледі. Енді істер республикадағы барлық соттар арасында бөлінетін болады. Мысалы, талапкер мен жауапкер Алматыда, ал талап арыз Атырауда немесе Ақтауда қаралуы мүмкін. Бұл жоба сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы сот жүйесінің тиімді құралына айналмақ.

Үшінші. Сот актілерінің жобаларын дайындайтын робот бағдарламасын енгіземіз. Даусыз және судьяның пікірін талап етпейтін істер бойынша шешімнің жобасын робот дайындайды, ал оны тексеріп, қол қою әдеттегідей судьяның міндеті болып қала бермек.

Төртінші. «Үлгілі шешім». Соттарда мәні бойынша ұқсас істер көп. Мұндай жағдайда жоғары сот сатысы осындай бір істі алдырып, ол бойынша шешім шығарады. Ол жергілікті соттар үшін үлгі болмақ.

Бесінші. Бірыңғай сот практикасын қалыптастыру мақсатында серіктес ұйымдармен бірлесіп, Digital Analytics бағдарламасын әзірледік. Бұл IT-өнім сот ісін болжауға мүмкіндік береді. Бұл жоба сотқа қатысушы барлық тараптар үшін пайдалы болары сөзсіз.

Алтыншы. 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап істі кассацияға беру не бермеу мәселесін қазіргідей бір судья емес, Жоғарғы Соттың үш судьясы ашық сот отырысында шешетін болады.

Құрметті оқырмандар!

Жаңа 2022 жыл барлығымыз үшін береке мен бірлік, ырыс пен ынтымақ, тыныштық пен тұрақтылық жылы болғай!

Баршаңызды жаңа жылдарыңызбен құттықтай отырып, мықты денсаулық, отбастарыңызға амандық пен бақ-дәулет, толайым табыс, елімізге өсіп-өркендеу тiлеймiн!

 

Ізгі тілекпен,

Жоғарғы Сот Төрағасы                                                    Жақып Асанов