Атырауда билер медиация курсынан өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Атырау облыстық соты мен Судьялар одағының филиалы өңірдегі Билер кеңесінің 40-қа жуық мүшесіне арнап «Сотқа дейінгі және соттағы татуластыру рәсімдерінде медиатордың алар орны» тақырыбы бойынша семинар-тренинг өткізді.

Тренингті Халықаралық құқық қорғау орталығының жетекшісі, Қазақстан медиаторлары ассоциациясының бас директоры Жанділда Жақыпов өткізді.

Ол пікір алысу түрінде өткен тренинг барысында билерге дауларды шешудің нақтылы жолдарын үйретті. Осы іс-шара кезінде ол ақсақалдар мен билердің өткен ғасырларда дауларды шешу кезінде қолданған тәсілдері, даудың мәні, жанжал шығаратын адамдар туралы, медиацияны жүргізудің ұғымы, қағидаттары мен ережелері, билердің шешендік өнері жөнінде жан-жақтылы айтып берді.

Тренингке қатысқан Қатимолла Ризуанов өз сөзінде оқытудың тиімді болғанын айтты. «Біз үшін медиатордың жұмыс әдістері туралы білу өте қызықты болды. Өйткені Кеңеске ақыл сұрап келетін адамдардың саны уақыт өткен сайын арта түсуде. Сондықтан да біз татуластырушының әдіс-тәсілдерін білуге тиіспіз», - деді ол.

Тренингтің қорытындысы бойынша облыстық соттың сот алқасының төрағасы Марат Көміршінов қатысушыларға олардың курстан өткені туралы сертификаттарды тапсырды.

Атырау облысында билер кеңесі 2018 жылдың желтоқсан айында құрылған болатын. Билер кеңесінің мүшелері тұрғындар арасындағы жанжалдар мен дауларды сотқа жеткізбей шешуде. Олар ағымдағы жылдың төрт айы ішінде 46 жанжалды жағдай бойынша өздерінің төрелік сөздерін айтты. Осы жанжалдарды шешу кезінде билер дауласушы тараптарды татуластыруға күш салды.

Источник: 
Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі