Оралда қаржы полициясының экс-майоры 7 жылға сотталды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Орал қалалық соты Қуаныш Исмурзинді Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 177-бабының 4-бөлігінің «б» тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оның мүлкін тәркілеп, «қаржы полициясының майоры» арнайы атағынан және 3 жылға дейін мемлекеттік қызмет лауазымын атқару құқығынан және 7 жылға бас бостандығынан айыруға соттады. Ол жазасын түзеу колониясының жалпы режимінде өтейтін болды.

Батыс Қазақстан облысының Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі департаментінің  бюджет саласындағы қылмыс бойынша сотқа дейінгі өндіріс бөлімінің бұрынғы басшысы Қ.Исмурзинге бөтеннің мүлкін жымқырды, дәлірек айтқанда, өзінің қызмет бабын пайдаланып, алдау және сенiмге қиянат жасау жолымен аса ірі мөлшердегі (9 835 000 теңге) мемлекет қаражатын ұрлады деген айып тағылды.

Тергеу барысында анықталғандай, қаржы полициясының майоры К. Исмурзинге  қылмыстық іс бойынша заттай айғақ деп танылған және банкіде сақтауда тұрған 955 000 теңгені мемлекет кірісіне өткізу жөніндегі өкімді орындау тапсырылған. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін аталған қаражат мемлекет пайдасына тәркіленуі керек болатын.

Банкке келгеннен кейін К.Исмурзин сақтауда тұрған қаражатты беруін сұрағанда оған екі пакет ұсынылған, ол көзбен  тексеріп, олардың біреуін алған. Содан соң ілеспе хатқа қол қойып, пакетті алып, банк ғимаратынан шығып кеткен. К. Исмурзин таңдаған пакетте 10 790 000 теңге болған. Майор пакетті ашып, ішіндегі ақшаның талап етілген сомадан көп екендігін көріп, өзіне басқа пакеттің берілгеніне көзі жеткеннен кейін, қызмет бабын пайдаланып сеніп тапсырылған қаражатты ұрлау туралы туындаған қылмыстық ойын іске асыруға кіріскен.   

Теріс жолмен заңсыз баюды мақсат тұтқан К.Исмурзин сол күні қолды қылған жалпы сомадан 955 000 теңге көлеміндегі қаржыны «Қазпошта» АҚ филиалы кассасының тәркіленген мүлікті өткізуден түсетін есеп-шотына салған. К.Исмурзин қалған 9 835 000 теңге көлеміндегі ақшаны өз қалауы бойынша жұмсаған.

К.Исмурзиннің осы заңсыз әрекеттерінің салдарынан мемлекетке 9 835 000 теңге сомасында материалдық залал келген.

Сотталған азамат сот залында «қамауға» алынды.

Источник: 
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі