Н.АХМЕТЗАКИРОВ: «Соттағы жоғары сервис, мәдениет пен ыңғайлылық қалыпты құбылысқа айналуы тиіс»

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бұл туралы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Наиль Ахметзакиров Ақмола облысы Целиноград аудандық сотының фронт-офисін салтанатты ашу рәсімінде айтты. 

Н.Ахметзакиров реформаларды табысты іске асырудың негізгі факторы ретінде құқық үстемдігін қамтамасыз ету, соттар жұмысының заманауи форматтарын енгізу туралы ел басшылығының тапсырмасын атап өтті. 

«Департамент қызметкерлері республика соттарының инфрақұрылымын қарқынды дамытуға бар күш-жігерін жұмсауда. Бұл – сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттырудың маңызды факторларының бірі», - деді Н.Ахметзакиров. Оның пікірінше, бірқатар сот ғимараттары сәулет-құрылыс нормаларының кеңестік стандарттарымен салынған, ал олардың қызметкерлері мінез-құлықтың сол кезеңге тән стереотипін сақтаған. «Шындығында, адамның санасы мен қабылдауына инфрақұрылым мен қоршаған орта әсер етеді. Егер біз жағдайды түбегейлі өзгертіп, ал адамдарға деген қарым-қатынасты бұрынғысынша қалдырсақ, онда біз қоғам сенімін арттыруға бағытталған мақсатымызға қол жеткізе алмаймыз. Сондықтан да бүгінгі таңда сот ғимараттарын жаңартып қана қоймай, ондағы жоғары сервис, мәдениет пен ыңғайлылық қалыпты құбылысқа айналуы тиіс», - деді Н.Ахметзакиров.
Спикер жергілікті соттардың әкімшілерімен бірлескен іс-қимыл нәтижесінде айқын, тез әрі сапалы қызмет көрсетудің жаңа форматына көшу мүмкін болатындығына сенім білдірді. Осы ретте ол әріптестерін кабинеттерінен шығып, қызметкерлердің келушілермен әңгімелесу деңгейіне мән беріп, азаматтардың талап-тілектерін тыңдап, көрсетілетін сот қызметінің сапасын арттыруға қолдан келгеннің бәрін жасауға шақырды. 
 Целиноград аудандық сотының жаңа фронт-офисі ашық түсті жиһаздар қойылған кең залда орналасқан. Мұнда ақпараттық орталық, құжаттарды қабылдайтын кеңсе, медиация, адвокат, прокурор және т.б. кабинеттер бар. Қызмет көрсету аймақтарының арасы шыны есіктермен бөлінген: барлығы айқын, ашық әрі қолжетімді. Қабырғаларға талап арыз үлгілері бар ақпараттық тақтайшалар қойылған. Интернет пен сот ақпараты бар QR-код та көзделген. Залда келушілерге құқықтық мәселелер бойынша тұрақты түрде кеңес беретін сот маманы жұмыс істейді.

Источник: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі