Қымбатты әріптестер!

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Сіздерді мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтаймын!

Биыл еліміз Ата Заңның 20 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституция – республикамыздың негізін қалаған бірден-бір заңдық құжат. Оның негізінде халықаралық қауымдастық мойындаған қазіргі заманғы құқықтық және демократиялық мемлекеттің құрылуы қамтамасыз етілді. 

Конституция – елдің барлық саласындағы: саясат, экономика, әлеуметтік саладағы жетістіктердің, қоғамдық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етудің берік құқықтық іргетасы болып табылады. Ол адамның өмiрi мен бостандықтары ең қымбат қазына болып саналатын қазақстандық заңнамалық құндылықтар жүйесін қалыптастырды және бекітіп берді.

Еліміздің Ата Заңы – барлық қазақстандықтардың тең құқықтары мен мүмкіндіктерінің кепілі. Бұл қағидаттың сақталуы, сондай-ақ заң үстемдігінің қамтамасыз етілуі еліміздің сот жүйесі үшін басымдықтардың бірі болып табылады. Мұның бәрі судьялар корпусының күнделікті жұмысында көрініс табуда. Соттарға жүгінулердің ұдайы өсуі және қоғам тарапынан соттардың жұмысының жоғары бағалануы – қазақстандық сот әділдігінің тиімді жүзеге асырылуының айқын дәлелі.

Мерейлі мереке күні баршаңызға мықты денсаулық, бақ-береке және табыс тілеймін. Елімізде тыныштық пен тұрақтылық әрқашан салтанат құрып, ол барша қазақстандардың игілігі жолында өркендей берсін. 

Қазақстан Республикасы

Жоғарғы Сотының Төрағасы

Қайрат Мәми

Қайнар: 
Жоғары Соттың Баспасөз қызметі