Қылмыстық істер жөніндегі әскери сотта сот актілерінің орындалу мәселелері талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотында сот актілерінің орындалуының жай-күйі, өзекті мәселелері және оларды шешу жолдарын талқылауға бағытталған «дөңгелек үстел» өтті.

Іс-шараға Әділет министрлігінің Сот актілерін орындау департаменті басшысының орынбасары Р. Балғазин, Бас прокуратураның атқару өндірісінің заңдылығын қадағалау бойынша бөлім прокуроры Е.Торсықбаев, Сотта мемлекет мүддесіне өкілдік ету басқармасының басшысы Д.Жұмағұлов, Астана қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Н.Арынғазинов, сот орындаушысы Б..Алпанов, Жеке сот орындаушыларының Астана қаласы бойынша аумақтық палатасы басшысының орынбасары А.Бейсенбаев қатысты.

Сот төрағасы Е.Ахметжанов іс-шараны аша келе, сот актілерінің уақытылы орындалуы сот төрелігінің тиімділігіне әсер ететінін және әрбір атқарылмаған сот актісі бұған күмән келтіруге ықпал ететінін айтты. Осыған байланысты «дөңгелек үстел» тақырыбының өзектілігі жоғары екендігіне назар салды. Төраға сот тарапынан 2010 жылдан бастап шығарылған сот актілерінің орындалуына қатысты кемшіліктер туралы ақпаратпен бөлісіп, қатысушыларға, аталған кемшіліктерді жоюға және сот актілерін уақытылы орындауға бағытталған нақты шараларды бірлесе отырып белгілеуді ұсынды.

Судья Б.Дәрібаев өзінің сөзінде сот актілерінің атқарылу жағдайын айтып, статистикалық мәліметтерді келтірді, бөлек өңдірістердің орындалмау себептерін айқындады. Сонымен қатар, атқару құжаттарын орындау мерзімдерінің бұзылуы және атқару парақтарының орындалу барысы мен олардың қозғалысы туралы сотқа хабар түспейтіні сот актілерінің көбісінің орындалмау себебі екендігін қорытындылады. «Қорғас ісі» бойынша атқару өндірісіне тоқталып өтіп, ол бойынша әлі де көптеген жылжымалы және жылжымайтын мүліктер мен миллиондаған ақшалай қаражат мемлекет пайдасына өндірілмегендігін атап өтті.

«Дөңгелек үстелге» қатысушылар арасында сот актілерінің толық атқарылмауы немесе атқарылуының созбаланға салынуы жайлы мәселелер талқылануға салынып, өндіріп алушының заңды мүддесін жүзеге асыру кезінде туындайтын себептер мен мәселелер бөлек қаралды. Сонымен қатар, атқару өндірісінің қазіргі жай-күйін өзгертуге бағытталған іс-шаралардың нұсқалары ұсынылды.

Талқылау қорытындысы бойынша сот актілерінің орындалу сапасын арттыру мақсатында сот органы және сот актілерінің атқарылуына жауапты органдардың арасында белсенді ынтымақтастық орын алу қажеттілігіне қатысушылар бірауыздан қолдау көрсетіп, аталған кемшіліктерді жоюға бағытталған бірқатар бірлескен іс-шараларды жоспарлады.

Қайнар: 
Әскери соттың баспасөз қызметі