Қазақстан мен Оңтүстік Корея соттарының өкілдері электронды сот ісін жүргізуді дамыту тәжірибесімен бөлісті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Сот әкімшілігі басшысының орынбасары Жантемір Шакиев Дүниежүзілік банк сарапшыларымен Оңтүстік Кореяда азаматтық істер бойынша электронды сот ісін жүргізу және онлайн сот процесін ұйымдастыру бойынша тәжірибе алмасу мақсатында өткен кездесуге қатысты.

Кездесуге СӘ цифрландыру бөлімінің меңгерушісі Нұржан Молдақов, Сувон Жоғарғы сотының судьясы Чжиен Чжан, Корея ЖС Сот саясаты ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Чонг Кун Ким, мемлекеттік басқару бойынша мамандар Клаус Деккер және Саламат Құсайынова, сондай-ақ Қазақстан Республикасы жергілікті соттарының судьялары қатысты.
 

Сот төрелігін цифрлық түрлендіру – сот ісін жүргізуді түбегейлі өзгерте алатын, оны барынша ашық әрі қолжетімді етуге қабілетті, қарқын алып келе жатқан үрдіс”, - деп атап өтті Ж.Шакиев.

Оңтүстік Кореяның цифрлық инновациялар саласындағы озық практикасын тереңдетіп зерттеуге қызығушылық таныта отырып, ол Қазақстан соттарында ІТ-технологияларды одан әрі дамытуға және сот менеджментін ілгерілетуге ықпал ететін перспективалық идеялармен бөлісуге ниетті екенін мәлімдеді.

Өз кезегінде, Чжиен Чжан мен Чонг Кун Ким Оңтүстік Кореяда 1998 жылдан бері электронды сот ісін жүргізудің даму кезеңдері туралы айтты.

Олардың айтуынша, қазіргі уақытта Оңтүстік Кореяның соттарына құжаттардың 90 пайызы электронды түрде қабылданады, судьялар онлайн процестерді жүргізеді. Олар графикадағы статистиканың градациясы, санаттар бойынша істер және бағдарламалық қамтамасыз ету сараптамасы туралы айтты.

Алайда, белгілі болғанындай, оңтүстік кореялық әріптестер істі талдау мен оның нәтижесін болжауда, сондай-ақ роботтандыруда жасанды интеллектті сот ісін жүргізуде қолдануға әзірге асығыстық танытып отырған жоқ.

Осы орайда, Н.Молдақов қазақстандық судьяларға көмектесу үшін қазірдің өзінде енгізілген жасанды интеллект және роботтандыру элементтері бар қызметтер туралы ойымен бөлісті. Сот актісі үшін жауапкершілік судьяда болатынын ескере отырып, «цифрлық көмекшілер» рөліндегі бұл қызметтер біркелкі сот практикасын қалыптастыруға ықпал етеді және Фемида қызметшілерінің жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді.

Қорытындылай келе, қатысушылар тәжірибе алмасудың сындарлылығын және өзара іс-қимыл қажеттілігін атап өтті.