Қазақстан мен Қытайдың жоғары сот органдары Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қ.Мәмидің Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары басталды. Іс-шара Қытайдың Дуньхуан қаласындағы (Ганьсу провинциясы) Жібек жолындағы сот ынтымақтастығы бойынша халықаралық форум шеңберінде өтуде. 

Сапар барысында Қ.Мәми Қытайдың Жоғарғы Халық Сотының Төрағасы Цян Чжоу мырзамен кездесті. Тараптар барлық салалар, соның ішінде, құқықтық мәселелер бойынша Қазақстан-Қытай арасында қарым-қатынасының жоғары деңгейі қалыптасқанын атап өтті. Қазақстан Жоғарғы Сотының Төрағасы форумға шақырғаны үшін алғыс білдіре келе, аталған іс-шараның мемлекетаралық ынтымақтастықты құқықтық қолдаудағы маңыздылығын атап өтті.

Қ.Мәми қытайлық әріптесін Ұлт Жоспары шеңберінде сот жүйесінде жүргізілген реформалардың негізгі қорытындылары, Қазақстандағы электронды сот төрелігінің дамуы және қылмыстық-процестік құқықты жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс барысы туралы хабардар етті. Судьяларды оқыту мәселелері бойынша бірлескен жұмыстың жоғары деңгейі айрықша аталып өтілді. Әңгіме барысында тараптар барлық талқыланған мәселелер бойынша қызу пікір алмасты.   

Кездесу шеңберінде екі елдің жоғары сот органдары арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатта сот әкімшілігі, электронды сот төрелігі және білім беру бағдарламалары секілді басым бағыттарға ерекше көңіл бөлінген. Екі елдің сот білімін беру мекемелері арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге айрықша мән берілді.

Меморандумда халықаралық бағдарламалар мен байланыстар шеңберінде құқықтық ақпаратпен және сот практикасымен алмасу, тиісті консультациялар өткізу, өзара қолдау көрсету және ортақ ұстанымдарды қалыптастыру көзделіп отыр. Екі ел арасындағы құқықтық көмекті нығайту, соның ішінде, сот шешімдерін мойындау мен атқару мәселелерін шешу, дәлелдемелерді жинау және басқа да процестік әрекеттерді жүргізу туралы тапсырмаларды орындау мәселелері айтылған.

Қол қою рәсімінде сөйлеген сөзінде Қ.Мәми Меморандум сот төрелігін жетілдіру мен құқық үстемдігімен байланысты өзге де мәселелер бойынша бірлескен бастамаларды іске асырудағы екі ел сот органдарының тиімді өзара іс-қимылына ықпал ететіндігін атап өтті.

Қайнар: 
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі