Қ.Мәми Қытайда Судан, Тәжікстан, Ресей, Түркия және Египет жоғарғы соттарының басшылығымен бірқатар кездесулер өткізді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қазақстан Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми Қытайдағы жұмыс сапары шеңберінде бірқатар елдердің жоғары сот органдарының басшылығымен екіжақты кездесулер өткізді. Олардың қатарында, Судан және Тәжікстан жоғарғы соттарының төрағалары – Хайдер Ахмед Дафалла пен Шермұхаммад Шохиён, Египет пен Түркияның кассациялық соттары төрағаларының орынбасарлары Фати Эльараби мен Абдулхалик Йылдыз, сондай-ақ Ресей Жоғарғы Соты Төрағасының орынбасары Петр Серков бар.

Жиырма шақты ел соттарының бірінші басшылары мен өкілдері Жібек жолындағы сот ынтымақтастығы бойынша халықаралық форум жұмысына қатысу үшін Қытайдың Дуньхуан қаласына (Ганьсу провинциясы) жиналды.

Кездесу барысында Қ.Мәми шетелдік әріптестеріне Ұлт Жоспары шеңберінде республиканың сот жүйесінде жүргізілген соңғы реформалар туралы айтты. Үш сатылы сот жүйесіне көшу, судьялар мен судьялыққа кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптарының артуы, сот білімін жақсарту, «электронды сот төрелігін» дамыту бағыттарына айрықша назар аударылды. Бұған қоса, Қазақстан Жоғарғы Сотының Төрағасы айрықша мәртебеге ие соты бар Астана Халықаралық қаржы орталығы (AIFC) мен еліміздің жоғары сот органының инвестициялық дауларды қарайтын мамандандырылған сот алқасының құрылғандығы туралы хабардар етті. Бұлардың барлығы шетелдік инвестициялардың құқықтық қорғалу деңгейін айтарлықтай жақсартады.

Барлық жаңашылдықтардың қолданысқа енгізіліп, қазақстандық сот төрелігінің тиімділігін мейлінше арттырғаны ереше аталып өтілді. Қ.Мәми Қазақстан Республикасы барлық ниет білдірген тараптарға соттарды реформалау жұмысы бойынша ашық әрі өз тәжірибесімен бөлісуге дайын екендігін жеткізді.

Барлық кездесулер шеңберінде тараптар соттар жұмысы мен заң үстемдігін қамтамасыз ету бойынша өзекті сот ақпаратымен өзара алмасуды жақсарту қажеттігін атап өтті.

Қайнар: 
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі