Жамбыл облыстық соты «Отбасылық сот» пилоттық жобаның аясында алтыжақты Меморандумға қол қойды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жамбыл облыстық сотында «Заманауи сот төрелігі жүйесіндегі отбасылық сот» тақырыбында облыс судьялары, ювеналды заң кеңсесінің, білім беру басқармасының, адвокатураның, прокуратураның, «Әділеттік орталығы» ҚБ, «Ана үйі» орталығының, «Қоғамдық келісім» ҚММ-нің,  «Шанс» құқықтық әлеументтік психологиялық қолдау орталығының, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының медиаторлары, облыс әкімдігінің кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы өкілдерінің қатысуымен «дөңгелек үстел» өткізілді.

Облыстық сот судьясы Гульнара Асылбек өткізілген іс-шараның модераторы болып, қатысушыларды ҚР Жоғарғы Соты ұсынған «Отбасылық сот» пилоттық жобасын енгізу бойынша берілген ұсынымдармен таныстырды.  Сонымен қатар, қатысушылардың назарын кәмелетке толмағандарды міндетті тәрбиелеу бойынша бірлескен бағдарламаларды әзірлеу қажеттігіне, отбасын сақтап қалу мақсатында бастапқы тегін психологиялық көмек көрсету, отбасылық құндылықтарды насихаттау бойынша іс-шараларды өткізу, отбасылармен ата-аналық міндеттерін орындау, қамқоршылық жасау және кәмелетке толмағандардың мінез-құлқын түзеу мәселелері бойынша бірлескен профилактикалық жұмыстарды жүргізу үшін қажетті жағдай жасауға назар аударды.

Облыстық сот төрағасының міндетін атқарушы Нұрмухаммат Абидов осындай соттар қалыптасқан шетелдердің оң тәжибересін мысалға келтіре отырып, Қазақстанда «Отбасылық сот» пилоттық жобасының мақсаттары мен одан күтілетін нәтижені атап өтті.  

Қазақстан халқы Ассамблеясының медиаторы Аракси Плетнева «Отбасылық сот» жобасы аясында отбасы-неке заңнамасы саласындағы медиаторлардың мамандануы туралы баяндады.

- Бір дау бойынша оң шешімге келе алса, бүкіл отбасы мүшелері басқа да келіспеушіліктерді, жалпы отбасылық қарым-қатынастарды талдауға мүмкіндік алады. Балаларды ынтымақ пен бірлік, қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу үшін біз тек бірігіп қана отбасы құндылықтарын жаңғырта аламыз», - деген сөздермен баяндаушы өз сөзін қорытындылады.

Тараз қалалық сотының судьясы Жанна Абаева жанұялық дауларды қарау барысында балама жолмен оларды реттеуге бар мүмкіндіктерді қолдануға шақырды.

Ювеналды заң кеңсесінің меңгерушісі Жұбаныш Нұрахова өз кезегінде отбасылық соттың штатына кәсіби педагог пен психологты қосуға ұсыныс білдірді. Баяндамашы сот штатына мамандардың бірлігі енгізілсе, істерді қарау сапасы артып, сот актілеріне келтірілетін шағымдардың санын азайтуға септігін тигізетінін атап өтті.

Іс-шараға қатысушылар талқыланған тақырып аясында пікір алмасып,  балаларды міндетті тәрбиелеу бойынша бірлескен әлеуметтік бағдарламалар әзірлеуге қатысты ұсыныстарын енгізді. Сонымен қатар, отбасы және балалық шақты қорғау мәселелерімен айналысатын, сотқа дейінгі тәртіпте дауды шешуге мүмкіндігі бар және отбасылық даулар бойынша сапалы кеңес беруді қамтамасыз ететін мамандардың, психологтардың кәсіби деңгейін жоғарылату мақсатында іс-шаралар өткізу жөнінде ұсыныстар енгізді.

Іс-шара соңында облыстық сот, облыс әкімдігінің білім басқармасы, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, мамандандырылған ювеналды заң кеңесі, облыс әкімдігінің кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясы және облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы арасында өзара ынтымақтастық алтыжақты Меморандумға қол қойылды.

 

Источник: 
Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі