Таразда шарттық қатынастар бойынша дауларды қарау кезінде туындайтын мәселелер талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Атамекен» Ұлттық палатасының филиалымен бірлесіп, «Бизнестің мүддесін сотта қорғау» жобасын іске асыру шеңберінде «Шарттық қатынастар бойынша дауларды қарау кезінде туындайтын мәселелер» тақырыбында «дөңгелек үстел» өткізді.

Іс-шараға облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Ардақ Әкетаев, МАЭС төрағасының міндетін атқарушы Гүлжамал Тәжиева, «Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің хатшысы Батыржан Ашитов, Жамбыл облысы бойынша «Атамекен» ҰКП директорының орынбасары Қайрат Сыдықов қатысты. 

Өз сөзінде облыстық сот төрағасының міндетін атқарушы Нұрмахаммат Абидов: «Тиісті институционалдық орта мен заң үстемдігін сақтау Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясатты іске асырудың іргелі негіздерінің бірі болып табылады. Бұл тиісті құқықтық қорғау мен меншікке кепілдік берілмейінше мүмкін болмайды. Осы тұста «Атамекен» ҰКП мен сот жүйесі бірігіп, тиімді ынтымақтастықты жүзеге асыруы қажет», – деді Жамбыл облыстық соты төрағасының міндетін атқарушы.

Б.Ашитов тараптардың сотқа жүгіну үрдісінің артуына назар аударып, Палата мен сот жүйесі арасындағы ынтымақтастық сотқа дейінгі татуластыру жолымен реттеу  қажеттігін атап өтті.

Экономикалық соттың судьялары Гүлнар Ажақаева мен Гаухар Қожантаева жеткізу шарттары бойынша дауларды қарау кезінде туындайтын мәселелерге баса назар аударды. Жеткізу шарты кәсіпкерлік қызметтегі ең көп таралған шарттық міндеттеме түрі. Бұл ретте, шарттық қатынастар бойынша бұзылған құқықтарды соттың қорғау тиімділігі, ең алдымен, жасалғаннан кейін орындалуы міндетті болып табылатын шарттардағы талаптардың құрылу сапасына, шартты орындау барысында атқарушылық құжаттарды дұрыс жүргізуіне байланысты. Судья Г.Қожантаева атап өткендей, мердігерлік даулардың басым бөлігі орындалған жұмыстардың төлемақысына, олардың сапасына, шарт тармақтарының уақтылы орындалуына қатысты болып келеді.  

Іс-шараны қорыта келе, А.Әкетаев көтеріліп отырған мәселелердің өзектілігін, сонымен қатар медиация институтын жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.   

Источник: 
Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі