Алматы облысының судьялары журналистерді қылмыстық процестегі адам құқықтарын қорғауды нығайту реформасы туралы хабардар етті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Советхан Сәкенов және облыстық соттың судьялары Ербол Құтпанбаев, Есмахан Мырзабеков қылмыстық процесті реформалау және құқық қорғау қызметін жетілдіру туралы БАҚ өкілдерін хабардар етті.

С.Сәкенов қылмыстық процестегі адам құқықтарын қорғауды нығайту бойынша міндеттерді іске асыру, тараптардың жарыспалылығын арттыру, сот бақылауын кеңейту, сондай-ақ тергеу органдары, прокуратура мен соттың арасында өкілеттіктердің қайталануын болдырмау және нақты бөлуге бағытталған реформаның негізгі аспектілерін түсіндірді.

Атап айтқанда, реформа шеңберінде қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылатын қылмыстар санатын қысқарту, бұлтартпау шарасын таңдау үшін ұсталғанды сотқа жеткізу мерзімін 72-ден 48 сағатқа дейін қысқарту, тергелетін қылмыстық істің шеңберден тыс шығатын дәлелдемелерді жинау тәжірибесін алып тастау, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының оларға қатысты жасырын тергеу әрекеті жүргізіліп жатқан тұлғаларды  хабардар ету туралы міндетін бекіту, сондай-ақ процестің жарыспалылығын арттыру және Ұлыбритания, АҚШ-тағы сияқты қазақстандық адвокаттарға да тергеу судьясына тергеу іс-әрекеттерін жүргізу туралы өтінішхатпен тікелей өтініш білдіру бойынша өкілеттіктер беру көзделіп отыр.

Брифинг барысында журналистер сұрақтарын қойып, қылмыстық процесті реформалау оның ашықтығын арттыруға және қылмыстық сот ісін жүргізуде құқық қорғау тетіктерін күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қайнар: 
Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі