Жоғарғы Соттың жалпы отырыс Төралқасының отырысы өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Қайрат Мәмидің төрағалығымен Жоғарғы Соттың жалпы отырыс Төралқасының отырысы болып өтті.

Отырысқа қатысушылар республикадағы әскери соттардың сот әділдігін жүзеге асыру жағдайы, олардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша жүргізілген кешенді тексерістің қорытындысын талқылады.

Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин мен Әскери соттың төрағасы Сәкен Абдуллаевтың ақпараты тыңдалды.

Өткен жылы әскери соттардың гарнизондарына 103 азаматтық іс пен 3242 өтініш (2013 жылы – 105 іс пен 2637 өтініш) келіп түскен. 2945 азаматтық іс аяқталса, олардың 2385-і немесе аяқталған істердің 80,9 % бойынша шешім шығарылған.

Үкім шығарыла отырып 287 қылмыстық іс қаралып, 399 адам сотталған. Олардың 126-сы  (31,6 %) – бас бостандығынан айырылған. 2 іс алқабилердің қатысуымен қаралған (2013 жылы 339 іс, соның ішінде 5-еуі алқабилердің қатысуымен қаралған).

Тексеріс қорытындысы бойынша бірқатар кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда, өкілдің құзыретіне, сотқа шақыру мен хабарлауға, мемлекеттік баж салығын төлеу тәртібіне, талап-арызды қамтамасыз ету жөніндегі арыздарды қарауға, сот актілерін ресімдеуге және т.б. қатысты талаптар сақталмаған. Сот тәжірибесі бойынша да бірқатар мәселелер анықталды.

Мәселен, Азаматтық іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі – АІЖК) 61-бабының талаптарын (өкілдің құзыреті) сақтамау әскери соттарда кеңінен таралған қателік болып табылады. Соттар талапкерлердің өкілдеріне сенімхат арқылы берілген құзыреттің жоқтығына қарамастан, олардың өтініштері негізінде АІЖК-нің 247-бабының 3-бөлігіне сәйкес істі жүргізуді тоқтатқан.

 Сот актілерін талдау көп жағдайда сот актілерінің нысаны мен мазмұны бойынша АІЖК-нің 221-бабының талаптарына сай келмейтіндігін көрсетті. Сот актілерінің сипаттау және дәлелдеу бөліктерінің көлемі тым ұзақ, шұбалаңқы, мағынасы түсініксіз. Шешімдердің мәтіндері заң баптары мен олардың диспозицияларының егжей-тегжейлі тізімінен тұрады. Дәлелдемелер мен тараптардың қарсылықтары бойынша құқықтық талдаудың жасалмайтындығы да белгілі болды.

Әскери қызметшілерге тұрғын үйді тек әскери қызмет өткеру кезеңінде беру туралы заң талабына қарамастан, Әскери сот төмен сатыдағы соттар шығарған заңды шешімдердің күшін жоя отырып, теріс негіздеме бойынша жұмыстан босатылған бұрынғы әскери қызметшілерге тұрғын үй беру туралы талап-арыздарды қанағаттандыруды жалғастырып келеді.

Бұған қоса, 2014 жылдың барысында әскери соттардың гарнизондары мүгедектікті анықтаумен байланысты біржолғы өтемақыны өндіру туралы әскери қызметшілердің талаптарын қанағаттандырған. Мұндай тәжірибе заңнаманы теріс түсіндіруге байланысты заңсыз болып табылады, себебі біржолғы өтемақы алу құқығы мүгедек деп танылған әскери қызметкерлердің барлық санатына бірдей берілмейді.   

Талқылау нәтижесінде Төралқа тиісті қаулы қабылдады. Әскери соттардың жұмысы қанағаттанарлықсыз деп танылды. Әскери соттың төрағасына орын алған кемшіліктерді жою бойынша тиісті іс-шаралар жоспарын әзірлеу тапсырылды.

Источник: 
ҚР Жоғарғы Сотының Баспасөз қызметі