Жоғарғы Сот жұмыстан заңсыз шығарылған Маңғыстау облысының тұрғынын қызметіне қайта орналастырды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы Маңғыстау облысының бірінші және апелляциялық сатыларының жұмысқа қайта алу және амалсыз бос жүрген уақыт үшін жалақы өндіріп алу туралы талап қою арызына қатысты шешімдерінің күшін жойды.

Іс материалдарына сәйкес Қ.Орынбаевтың «Techno Trading LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде технологиялық құрылғылар операторы лауазымында 2014 жылдан бастап қызмет атқарғаны анықталды.

2017 жылғы 19 қаңтарда ол дәлелді себепсіз жұмысқа келмеген, осыған байланысты 2017 жылғы 24 сәуірде Қ.Орынбаевқа қатысты қорытынды-акт толтырылып, тәртіптік жаза қолданылған. 2017 жылғы 28 сәуірде онымен жасасқан еңбек келісім-шарт бұзылған.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талап қою арызын қанағаттандырудан бас тартып, өз шешімін Қ.Орынбаев жасаған теріс қылық туралы 2017 жылғы 24 сәуірде ғана белгілі болғанымен, аға медициналық қызметкердің қызметтік жазбасысына және қорытынды-актісіне сәйкес расталғанымен, осыған байланысты тәртіптік жаза еңбек заңнамасында көзделген мерзімде тағайындалды деп есептеген.

Алайда, Еңбек кодексінің 66-бабының 1-тармағына сәйкес, тәртіптік жаза жұмыскерге тәртіптік теріс қылық анықталған кезде тікелей, бірақ ол анықталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылады.

Жұмыс берушіге Қ.Орынбаевтың жұмыс орнында жоқ екені 22 қаңтарда белгілі болғаны анықталды, себебі ол келесі жұмыс ауысымына шыққан соң жұмыс берушіге невропатологтың қабылдауында болғаны туралы анықтама берген. Алайда заңда көзделген бір ай мерзімінің ішінде жұмыс беруші ешқандай шара қабылдамаған.

2017 жылғы 19 қаңтар күнгі жұмыс уақытын есепке алу табелінде К.Орынбаевтың аты-жөні көрсетілген тұсқа «Справка» дегенді білдіретін «С» әрпі қойылған. Сонымен бірге бұл күн үшін жұмыскерге жалақысы төленбеген,  ал анықтама оның жұмыста болмағанын растайтын құжат ретінде табелге қоса берілген.

Осы орын алған мән-жайларда бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың жұмыс беруші Қ.Орынбаевтың жұмыста болмағанын 2017 жылғы 24 сәуірде ғана білді деген түйіні дәлелсіз болып табылады.

Осыған байланысты, Жоғарғы Сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілерінің күшін жойып, Қ.Орынбаевтың талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарды.

«Techno Trading LTD» ЖШС-нің 2017 жылғы 28 сәуірдегі Қосымбай Орынбаевты жұмыстан шығару туралы бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылды. Қ.Орынбаевты басқарманың технологиялық құрылғылар операторы лауазымына қайта алу және ЖШС-дан оның пайдасына амалсыз бос жүрген алты ай үшін 1 438 967  теңге мөлшеріндегі жалақысын өндіріп алу туралы қаулы етілді.

 

Источник: 
Жоғарғы Соттың Баспасөз қызметі