Сот теріс пиғылды азаматтарды қорғаудан бас тартты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

«УАЗ - 31519» және «Toyota Land Cruiser» маркалы екі автокөлік жолда соқтығысқан. Олар көлікті қалпына келтіріп, материалдық зиянды өтеу үшін  Петропавл қаласының №2 сотына жүгінген. 
Бірінші көлікті қалпына келтіру жұмыстары бойынша, яғни бағалау есептеріне сәйкес, жөндеу құны 72 676 теңгені, екіншіні көлікті жөндеу құны 9 585 300  теңгені құраған.

Сонымен қатар, джиптің жүргізушісі мен жолаушысы соттан жол көлік оқиғасының салдарынан келтірілген дене жарақаттарына байланысты  материалдық шығындарды өндіруді сұраған.
Бұдан бұрын жүргізушілерге қатысты қылмыстық іс қозғаудан бас тартылған болатын, себебі анықтаушыларға олардың көліктік қылмыс жасаудағы кінәсін анықтау мүмкін болмаған. Осыдан соң оларды жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту мақсатында материалдар сотқа жіберілді, алайда ескіру мерзімінің өтуіне байланысты іс жүргізу тоқтатылды. 

Сонымен бірге сот джип жүргізушісін жалған мемлекеттік тіркеу белгісі тағылған көлік құралын заңсыз жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
Петропавл қаласының №2 сотының шешімімен «УАЗ -31519» маркалы автокөлік иесінің талап арызы қанағаттандырудан бас тартылып, джип иесінің, жүргізушісінің және жолаушысының қарсы талабы ішінара қанағаттандырылған.

Аталмыш дау Солтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасында қаралды. 

Алқа соқтығысу мән-жайлары жөніндегі іс бойынша екі тараптың да куәгерлерінің түсініктемелерінде қарама-қайшылықтардың бар екенін, адамдардың жол-көлік оқиғасындағы кінәсін дәлелдейтін объективті және шүбәсіз деректердің жоқ екенін анықтады, соған байланысты аталмыш дауды шешу барысында ҚР АК 931-бабының 2-тармағында көрсетілген нормаларды қолдануды жөн көрді. 

ҚР АК 931-бабының 2-тармағындағы талаптарға сәйкес  жоғары қауiптiлiк көздерiнiң өзара iс-қимылы салдарынан олардың иелерiне келтiрiлген зиян жалпы негiздерде өтеледi.Тараптардың әрқайсысының кiнәсiнiң дәрежесiн белгiлеу мүмкiн болмаған кезде жауаптылық олардың арасында тең бөлiнедi.

Баяндалғанның негізінде, алқа бұл жағдайда зақымдалған автокөлік иелеріне соқтығысу барысында келтірілген зиян теңбе-тең бөлінуі қажет, сондықтан «УАЗ»  маркалы көліктің зақымдануымен келтірілген 72 676 теңге мөлшеріндегі материалдық зиянның ½ бөлігі, яғни 36 338 теңге «Toyota  Land Cruiser» маркалы автокөліктің иесі есебінен өтелуі тиіс деп қаулы етті. 

Сонымен бірге апелляциялық саты «Toyota Land Cruiser» автокөлігі иесінің жоғарыда аталған нормаға сәйкес ЖКО екінші қатысушысы есебінен 2 413 760 теңге мөлшеріндегі зиянды өндіріп алу құқығы болғанымен, оның құқығы ҚР АК 8-бабының 5-тармағы негізінде қорғауға жатпайды деген шешімге келді. 

Азаматтық заңнаманың талаптарына сәйкес, азаматтар және заңды тұлғалар өз құқықтарын жүзеге асыру барысында заңнамадағы талаптарды, адамгершілік қағидаларды сақтай отырып, адал ниетпен, ақылға сай және әділ әрекет етуі тиіс, оларды сақтамаған жағдайда сот оған тиесілі құқықтарды қорғаудан бас тартуы мүмкін. 

Іс бойынша «Toyota Land Cruiser» автокөлігінің иесі 2011 жылдың көктемінде автокөлікті тиісті құжатсыз белгісіз адамға жөндеуге тастап кетіп, ол жөнінде ұзақ уақыт бойы мүлде сұрастырмағаны анықталды, сондықтан сот оның өз мүлкіне қатысты осындай әрекеттерін адал ниетті және ақылға сай деп атай алмады, әрі аталмыш мән-жайларға байланысты зақымданған автокөліктен туындайтын оның құқықтарын қорғаудан бас тартты.  

Заңнаманың жоғарыда көрсетілген ережелері негізінде алқа джиптің жүргізушісі мен жолаушысына олар автокөлік аударылған кезде алған дене жарақаттарының нәтижесінде келтірілген моральдық зиянды өтеу туралы талап арыздарды да қанағаттандырудан бас тартуға болады деген шешімге келді. Себебі олардың әрекеттерінде басынан адалдық та, парасаттылық та, Қазақстан Республикасының заңдарын сақтау талпынысы мен ниеті де көрініс таппаған, өйткені олар рұқсат ету құжаттары болмаса да бөтен көлікте, оның мемлекеттік нөмірлерін ауыстырып, осылайша заңға құрметтемеушілік көрсеткен.

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі