Құрметті қазақстандықтар!

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Сіздерді Елорда күнімен құттықтаймын!

Астана – бұл біздің тәуелсіздігіміздің ең басты жетістіктерінің бірі. Бас қаламыз – еліміздің барлық экономикалық, саяси және әлеуметтік табыстарының жарқын көрсеткіші, қазіргі Қазақстан  халқының әлеуеті мен мүмкіндігінің айқын дәлелі.

Жаңа елорда – Тұңғыш Президентіміз, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың идеясы негізінде өмірге келген қала. Бұл – Елбасының көрегендігі мен стратегиялық ойлау қабілетінің, еліміздің болашағы үшін жауапкершілік ала отырып, саяси шешім қабылдаудағы ерік-жігерінің көрсеткіші.

Бүгінде Астана еліміздің экономикалық және инфрақұрылымдық дамуының қозғаушы күшіне айналды. Елорданы ауыстыру қоғамның түрлі саласында мультипликативті маңызға ие жағымды өзгерістердің орын алуына арқау болды. Астананың дамуымен қатар елімізде демографиялық процесс қарқын алып, өндіріс пен құрылыс, білім мен мәдениет, инновация мен туризм жанданып келеді. 

Өзінің қалыптасу жылдары елордамыз ғаламдық маңызға ие іргелі іс-шаралар өтетін алаңға айналды. Атап айтқанда, Астанада әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының құрылтайы, ЕҚЫҰ саммиті, Астана экономикалық форумы, G-Global, антиядролық бастамалар, Азиада өткені баршамызға белгілі. Таяу уақытта мұнда Астана халықаралық қаржы орталығы құрылады. 2017 жылы елордамызда ЭКСПО көрмесі өтеді. Мұның барлығы Қазақстанның жалпыәлемдік деңгейде қалыптасқан мемлекет ретінде танылуына және халықаралық қатынастардың дамуына өз үлесін қосуына мүмкіндік бермек. 

Бұл күні Астанамызға гүлдену мен одан әрі дамуды тілеймін! Барша қазақстандықтарға зор денсаулық, құт-береке және Отанымыз – Қазақстан Республикасының игілігі жолында еңбектеріне сәттілік тілеймін!  

Источник: 
ҚазақстанРеспубликасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми