Жоғарғы Сот Департаментінің басшысы Н.Шәріпов Қызылорда облысы соттарының жұмысымен танысты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қазақстан Республикасы Судьялар одағының IX спартакиадасының шеңберінде Нұрсерік Шәріпов өңірдегі бірқатар соттарды аралады.

6 қыркүйекте Соттан тыс татуласудың жаңа орталығын ашуға дайындық және жөндеу жұмыстарының барысымен танысу рәсімі өтті. Татуласу орталығы жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен салынуда. Мұнда медиаторлар, адвокаттар, ХҚО және сот қызметкерлері қызмет көрсететін болады. Орталықтың негізгі мақсаты – соттан тыс татуластыру рәсімдерін жан-жақты дамыту.

7 қыркүйекте Н.Шәріпов облыстық соттың ғимаратында «Үлгілі сот» жобасын іске асыру шеңберінде құрылған фронт-офистің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Аталған фронт-офис №2 қалалық, экономикалық және әкімшілік соттарға келушілерге қызмет көрсетеді.

Іс-шараға Қызылорда облыстық сотының төрағасы Қамбар Нұрышев, соттар әкімшісінің басшысы Азамат Жұмамұратов, қалалық соттардың бөлім басшылары мен кеңсе меңгерушілері де қатысты.

Н.Шәріпов соттардың фронт-офисі сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігін іс жүзінде қамтамасыз ететіндігін атап өтті. Офисте жайлылық, барынша ақпараттандыру және тұрғындардың нақты сұранысы негізінде бизнес-процестерді дұрыс жүргізуге аса мән берілген. «Мұнда сотқа келген адамның барлық қажетті мәліметтерді жедел әрі толық алуы, құжаттарды тапсыруы, сот процесінің қашан және қайда өтетінін нақты түсінуі үшін барлық жағдай жасалады», - деді Департамент басшысы. Ашылу рәсімі барысында Н.Шәріпов сотқа келушілермен әңгімелесіп, олардың сот қызметі туралы пікірін білді.

Фронт-офис заманауи инженерлік-техникалық құрал-жабдықтармен,  күту залымен және басқа да инфрақұрылыммен жарақтандырылған. Мұнда ақпараттық орталық, кіріс кеңсесі мен өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары орналасқан. Күту залында келушілер үшін интернет және мобильді құрылғыларды қуаттау мүмкіндігі қарастырылған, кіріс кеңсесі аймағында сотқа құжаттар өткізуге болады.

Жаңа фронт-офис құқықтық қызмет көрсету орталығының негізінде ашылған. Жұмыс істегелі бері Орталық өзінің тиімділігін көрсетті. Мәселен, ақпан айынан бастап орталыққа барлығы 4320 адам, яғни адвокаттарға –  1807, медиаторларға – 1829, «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясына – 684 азамат жүгінген. Осы уақытта медиаторлардың көмегіне жүгіну арқылы 650 іс сотқа дейін шешімін тапқан. Фронт-офис соттар жұмысын бұдан да жоғары деңгейге жақсартуы тиіс.

Нұрсерік Шәріпов облыс соттарында жүзеге асырылып жатқан «Түнгі сот», «Виртуалды сот», «Татуластырушы судья» пилоттық жобаларына жоғары баға берді. Судьялармен және сот қызметкерлерімен әңгіме барысында жұмыстың тиімділігін арттыру бойынша бірқатар міндеттер айқындалды.

Іссапар барысында Департамент басшысы өңірдегі сот билігінің жаңадан ашылған мұражайының, оқу орталығының, баспасөз орталығының, медиация кабинетінің жұмысымен танысты.  Н. Шәріпов Қызылорда облысы соттарының орталықтандырылған екі мұрағатына, Қызылорда қалалық №2, мамандандырылған әкімшілік, экономикалық, қылмыстық, тергеу, ювеналдық, сондай-ақ Сырдария, Жалағаш аудандық соттарына барды. Соттарды аралау барысында олардың материалдық-техникалық жарақтандырылуына, ұйымдастыру мәселелері мен электронды сот төрелігі сервистерінің жұмысына айрықша назар аударылды.

Бірқатар соттарда жұмыс кеңестері өтті. Департамент басшысы соттар қызметінің негізгі көрсеткіштері бойынша баяндамаларды тыңдап, жұмысты жақсарту бойынша нақты тапсырмалар берді. Кеңеске қатысушылар «Сот төрелігінің жеті түйіні» шеңберінде сот жүйесін жаңғырту бойынша іске асырылып жатқан шаралардан хабардар болды. «Қазіргі таңда сот төрелігін жақсарту бойынша Жоғарғы Сот бірқатар заң жобаларын әзірлеу жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде. Істерді қарау барысында судьяға процестік еркіндік беру, соттарды басы артық жұмыстан босату, судьяларды іріктеу мен оларды мансаптық ілгерілету жүйесін жетілдіру жоспарланып отыр», - деді Н.Шәріпов. Жаңашылдықтардың барлығы сот процесіне қатысушылар мен судьялардың қалауына сәйкес әзірленіп жатқандығы айрықша аталып өтілді. Таяу арада барлық ұсыныстар Президент Әкімшілігіне енгізілетін болады.

Источник: 
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі