Үш адамның өмірін қиған тұлға жазаланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

 Қаланың қайнаған тіршілігіне үлгеру үшін асығыс жандардың қауіпсіздік шараларына салғырт қарауы салдарынан жол апаты жиі болып жатады. Сондай қайғылы оқиға нәтижесінде қаншама адам жер құшты десеңізші... Осындай оқыс оқиға Орал қаласында орын алып, үш адамның өмірі бір сәтте үзілді.  

Оқиғаның өрбуіне шегініс жасасақ, Батыс Қазақстан облысының орталығында орналасқан Жәңгір хан көшесінде үш бірдей көлік, яғни  «Лада-Приора», «Аудио-6» және жолаушылар тасымалдайтын автобус соқтығысқан. Алайда, оны көптеген куәлар көріп, жағаларын ұстаған.

Тергеу барысында  анықталғандай «Аудио-6» автокөлігінің жүргізушісі мас күйінде көлікті жүргізіп, жоғары жылдамдықпен  қарама-қарсы қозғалыс жолына шығып, Лада-Приора маркалы автокөлігінің бүйір жағына соқтығысқан. Соның салдарынан  соңғыны қарама-қарсы қозғалыс жолына әкетіп, қарсы келе жатқан «ДЭУ» маркалы жолаушылар автобусымен соқтығысқан. Қатты соқының әсерінен Лада-Приора автокөлігінің жүргізушісі және екі бірдей жолаушы оқиға орнында көз жұмған.

Жол көлік апатына кінәлі жүргізуші жауапкершіліктен қашып, оқиға орнынан ізін суытпақшы болған. Сонымен қатар, тергеу барысында аталмыш көлік оның ағасына тиесілі екені, ал оның бұл көлікті жүргізуге құқығы болмағаны анықталды.

Орал қалалық соты «Аудио-6» көлігінің жүргізушісін ҚР ҚК-нің 296-бабының 3-бөлігі «Көлiк құралдарын жүргiзушi адамның жол қозғалысы және көлiк құралдарын пайдалану ережелерiн бұзып, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққаны үшін кінәлі деп танылды.  Сонымен қатар, ол Қылмыстық кодекстің  297-бабы  «Жол-көлiк оқиғасы болған орыннан кетiп қалу» бойынша да кінәлі деп танылды.

Сот кінәліні 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуге үкім шығарды. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ. 

Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі