Солтүстік Қазақстан облысында жүзден астам адамның улануына кінәлі болған аспаз сотталды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар аудандық сотында санитарлық қағидалар мен гигиеналық нормативтерді бұзғаны және көрiнеу жалған құжатты пайдаланғаны үшін айыпталған Т. Лайдыкерге қатысты қылмыстық іс қаралды.  

Сот Т.Лайдыкердің «Серебряный бор» Балалар сауықтыру лагері» МКҚК әкімшілігіне бактериологиялық зерттеу нәтижесі туралы жалған мәліметтер енгізілген көрiнеу жалған құжат – медициналық кітапшасын ұсынғанын, соның негізінде ол аспазшы және қоймашы ретінде жұмысқа қабылданғанын анықтаған.

Т.Лайдыкер бұрынырақта дизентерия ауруымен ауырған адам бола тұра, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұза отырып, түрлі тағамдарды әзірлеу бойынша аспаз болып жұмыс істеген. Оның қылмыстық әрекетінің нәтижесінде 2015 жылғы 10 шілдеден 12 шілдеге дейінгі кезеңде 103 адам уланған, соның ішінде 86 бала.

Сот Т.Лайдыкерді ҚР ҚК-нің 304-бабының 1-бөлігі, сондай-ақ 385-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша оны қоғамдық тамақтандыру саласында 3 жыл лауазым атқару және қызмет ету құқығынан айыра отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады.

Сот үкімімен  кәмелетке толмаған жәбірленушілердің 19 заңды өкілдерінің әрбірінің пайдасына 50 000 теңге сомасында келтірілген моральдық зиян өндіріп алынған.

Іс бойынша сот ІІД бастығының және Солтүстік Қазақстан облысы прокурының атына істі тергеу барысында жіберілген және істі сотқа жолдаған кезде прокурор анықтамаған қылмыстық-процестік заңнаманың бұзылуы туралы жеке қаулылар шығарды. Облыстың білім басқармасының атына тиісті деңгейдегі білімі болмаса да Т.Лайдыкерді жұмысқа қабылдауына байланысты, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі департаменттің атына тиісті білімі жоқ аспазды жұмысқа қабылдаған адамды анықтамау фактісі бойынша жеке қаулы шығарды.  

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Источник: 
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі