Қостанай облысының судьялары сот төрелігін мемлекеттік тілде сапалы жүзеге асыру мәселелерін талдады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Іс жүргізуде қазақ тілін қолданудың өзекті мәселелерді талқылау бойынша конференция жұмысына Жоғарғы Соттың судьясы Бағлан Мақұлбеков, Жоғарғы Соттың Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары Нұргүл Қарағойшина, Қостанай, Қарағанды, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстық соттарының төрағалары Асламбек Мерғалиев, Нұрсерік Шәріпов, Досжан Әміров және Ерлан Айтжанов, сондай-ақ Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев, құқық қорғау органдарының басшылары, судьялар, билер кеңесінің мүшелері мен заңгерлер, зиялы қауым өкілдері, адвокаттар алқасы мен нотариалдық палаталар, жоғары оқу орындары мен банктердің өкілдері қатысты.

Б. Мақұлбеков іс жүргізу құжаттарын дайындау кезінде тілдік қағидатты іске асыруды реттейтін құқықтық нормаларды сотқа дейінгі іс жүргізу органдарының қатаң сақтауы қажеттігін атап өтті. Ол олардың мазмұны мен лингвистикалық ережелеріне, іске қатысушы, сот ісін жүргізу тілін білмейтін адамдарды сапалы аудармамен қамтамасыз етуге ерекше назар аударуға шақырды. 

Н.Қарағойшина, баяндама жасай отырып, іс бойынша іс жүргізу көптеген жағдайларда тергеушіге және адвокатқа ыңғайлы орыс тілінде жүргізілетінін атап өтті. Осыған байланысты Бас прокуратураға мемлекеттік тілде іс жүргізу әдістемесін әзірлеу туралы ұсыныс жолданды.

А.Мерғалиев мемлекеттік тілді қоғамның барлық саласында қолданудың маңыздылығын және оны дамыту мәселесі ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. Спикердің айтуынша, азаматтардың заңды құқықтарының бұзылуы тараптар іс бойынша бір-бірімен мемлекеттік тілде сөйлессе де, құқық қорғау органдарының қызметкерлері материалдарды орыс тілінде ресімдеген кезде орын алады. «Сот актілерін жасаудың сапасын арттыру, сот практикасын біркелкі қалыптастыру мақсатында эталондық сөздік жасау және оны сот органдарының "Төрелік" бірыңғай базасына орнату қажет деп санаймыз, - деді А.Мерғалиев.

Ақмола облыстық сотының төрағасы Д. Әміров қазақ әдебиетінің классиктері Ж. Аймауытов пен Қ. Мырзалиевтың тіл жоғалса – болашақ болмайтыны туралы қанатты сөздерін еске салды. «Ана тілі-бұл өткен, бүгінгі және болашақ, сондай-ақ халықтың негізгі іргетасы мен өзегі», - деді Д.Әміров.

Н.Шәріпов, Е. Айтжанов және облыс прокурорының бірінші орынбасары Марат Сматов сот ісін жүргізуде туындайтын және мемлекеттік тілді дамытуға кедергі келтіретін проблемалық мәселелерді айта келе, сотта мемлекеттік тілдің қолданылуын талқылаудың өзектілігі атап өтті.

Өз кезегінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы Қуаныш Бекбасов сотқа дейінгі тергеу тілін өзгерту мәселесі бойынша белгілі бір алгоритм құрылатын болады, бұл жағымсыз даулар мен теріс салдарды болдырмауға мүмкіндік береді, - деді. 

Отставкадағы судья, "Заңгер" заң консультанттар палатасының төрайымы Әлия Рахаделова соттарда мемлекеттік тілге аудару бойынша білікті мамандардың болмауы проблемасын атап өтіп, сот штатына аудармашы лауазымын енгізуді, сондай-ақ судьяларға мемлекеттік тілді білуге қойылатын талаптарды күшейту қажеттігін ұсынды.

Конференцияны қорытындылай келе, қатысушылар мемлекеттік тілді қолданудың проблемалық мәселелерін және оны одан әрі дамыту қажеттігін, сондай-ақ сот төрелігін жүзеге асыру кезінде оны қолдану аясын кеңейтуге бағытталған шараларды іске асыру жөніндегі ұсыныстарды талқылады.

 

Қайнар: 
Қостанай облыстық сотының Баспасөз-қызметі