Дауларды сотқа дейін реттеу тетіктерін дамыту

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жамбыл облыстық сотында судьялардың, Ұлттық Банк филиалы өкілдерінің, екінші деңгейдегі банктердің, медиаторлардың, нотариустардың, адвокаттардың және заң кеңесшілерінің қатысуымен банк заемы шарттарынан туындайтын дауларды сотқа дейін реттеудің өзекті мәселелерін талқылау бойынша "дөңгелек үстел" өтті.

Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Жомарт Рүстембеков құттықтау сөзінде, соттарда қаралатын істердің жалпы азаюына қарамастан, банктік қарыз келісім шарттарынан туындайтын даулардың үлес салмағы жоғары екендігін атап өтті. Әдетте, шарттарда медиативтік ескерту немесе банк омбудсманының қатысуымен дауларды реттеуге сілтеме жоқ, келіссөздер жүргізудің тәртібі мен шарттары нақтыланбайды. Алқа төрағасы заңға енгізілген түзетулер, құқық нормаларын біркелкі түсіндіру және қолдану бойынша ұсынымдар әзірлейтін құқық қолдану мәселелерін талқылау үшін дамыған елдердің тәжірибесін сынақтан өткізуді ұсынды.

ВКБ арқылы іс-шараға қатысқан банк омбудсман Ерсерік Сийрбаев тыңдаушыларды банк омбудсманының қызмет етуі мен қызметінің құқықтық негіздері, өтініштерді қабылдау тәсілдері, банктік қарыздар бойынша келіспеушіліктерді сотқа дейінгі реттеу тәртібі туралы толық хабардар етті.

Тараз қалалық сотының судьясы Жанна Абаева қатысушыларды статистикалық деректермен таныстырды. Облыс бойынша азаматтық істердің ең көп пайызын шарттық қатынастардан туындайтын даулар құрайды. Жалпы, 2018 жылдың қорытындыларымен салыстырғанда банктік даулардың төмендеуі байқалады. Мәселен, 2019 жылы Тараз қалалық сотына 2 304 өтініш келіп түсті, ал 2018 жылы олардың саны 3 147 құраған болатын. Татуластыру рәсімдеріне байланысты тоқтатылған істердің саны 42 - ден 97-ге дейін, яғни екі еседен астам ұлғайды. Банк дауларының 67% жеңілдетілген іс жүргізу тәртібінде қаралды.

Судьяның пікірінше, жүргізілетін құқықтық реформалар, бірлескен, соның ішінде банк омбудсманымен өзара іс-қимылды жандандыру жөніндегі әрекеттер сотқа дейінгі реттеу есебінен банктік даулар санының азаюын және сот іс жүргізуіне қабылданған істер бойынша татуласу санының ұлғаюын болжайды.

"Дөңгелек үстел" нәтижелері бойынша банк дауларының алдын алуға, банк саласында бітімгерлік рәсімдерді кеңінен енгізуге, қарыз алушылар мен медиаторлардың қатысуымен екінші деңгейдегі банктерде тұрақты негізде келісім комиссиясын құруға бағытталған ұсынымдар әзірленді.

 

Қостанай облыстық соты осындай іс-шара өткізді. Оның жұмысына Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу мен дамыту жөніндегі агенттігінің, Екінші деңгейдегі банктердің, адвокаттар алқасының, Қостанай облысының заң кеңесшілері палатасының өкілдері, сондай-ақ бейнеконференцбайланыс режимінде Банк Омбудсманы Ерсерік Сиырбаев қатысты.

Дөңгелек үстелге қатысушылар банк омбудсманын тарта отырып, банк дауларын сотқа дейін реттеу мәселелері, сотқа дейінгі жұмысты бастауға бағытталған Қостанай облыстық соты мен екінші деңгейдегі банктер арасындағы Меморандумның ережелері, "Банктер туралы" Заңның 36-бабында бекітілген дауды шешу жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру, қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірледі.

Қостанай қалалық соты жеке сот орындаушыларының Өңірлік палатасымен бірлесіп,  атқарушылық іс жүргізу сатысында татуласу рәсімдері мәселелері бойынша өзара іс-қимыл туралы меморандум  жасады.

Жасалған меморандумға сәйкес дауларды сотқа дейін реттеу рәсімін жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы жанынан құрылған комиссия жүзеге асырады.

Сот орындаушыларының әрекеттеріне дау айту туралы арыз түскен кезде тараптарға сотқа дейінгі тәртіппен дауларды реттеу жөніндегі комиссияға жүгіну ұсынылады. Материалдар өтініш беруші мен мүдделі тұлғалардың (борышкердің, өндіріп алушының, сот орындаушысының) қатысуымен 5 жұмыс күніне дейінгі мерзімде қаралуға жатады.

Арызды қараудың нәтижелері бойынша сот орындаушысы жол берілген бұзушылықтарды жою бойынша тиісті әрекеттер жасайды. Комиссияның ұсынымдары қабылданбаған жағдайда сот орындаушысының әрекеттеріне дау айту туралы арыз сот тәртібімен шешіледі.

Қостанай қалалық сотының төрағасы Қанат Шақаров, меморандум жасаудың мақсаты дауларды сотқа дейін реттеу, бұл істің осы санаты бойынша жүктемені 30-дан 40%-ға дейін төмендетуге ықпал ететін болады  деп атап өтті.

Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының төрайымы Несібели Басенова хабарлағандай, 2019 жылы палатаға жеке сот орындаушыларының әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айтумен байланысты 308 өтініш келіп түсті, олардың көпшілігі өтініш берушілердің пайдасына шешілді.

 

Қайнар: 
Облыстық соттар баспасөз қызметі