Көкшетауда судьялар зиялы қауыммен, қоғам белсенділерімен және ақсақалдармен кездесті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Кездесуге қатысушылар «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы аясында татуласу рәсімдерін қолдануды дамыту мәселелерін талқылады. «Дөңгелек үстел» жұмысына «Бірлесе даму» әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту қорының басшысы Нұргүл Қарағойшина, Жоғарғы Сот Төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен, Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров қатысты. Талқылауға судьялар, сот жүйесінің ардагерлері, Ардагерлер кеңестерінің төрағалары, облыстың құрметті азаматтары, мәслихат депутаттары, жергілікті атқарушы органдарының, білім және денсаулық сақтау салаларының, БАҚ және ҮЕҰ өкілдері де қатысты. Барлығы 100-ден астам адам.

Н.Қарағойшина татуласу институтын дамытудың маңыздылығын атап өтті. Оның сөзінше, 6 миллионға жуық адам өзара соттасуда және дау барысындағы адамдар арасындағы қарым-қатынас жанжал мен қайғылы оқиғаға әкеліп соғуда. Спикер сотқа дейінгі және соттағы татуласу институты қоғамдық келісім мен жалпы ұлттық бірлікті қамтамасыз етуге септігін тигізетіндігіне сенім білдірді.

С.Сүлеймен «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы аясында Жоғарғы Сот жүргізіп жатқан жұмыс туралы айтып өтті. Сонымен қатар, соттарда қаралған істердің саны жылдан-жылға өсіп келе жатқандығын, ажырасу, отбасы даулары және алимент өндіру, толық емес отбасыларда балалардың тәрбиеленіп жатқандығын, рухани және адамгершілік құндылықтардың төмендеп бара жатқандығын атап өтті. С.Сүлеймен татуластыру рәсімдерін насихаттау мақсатында Билер кеңесін жандандыруды ұсынды.

Д.Әміров татуластыру рәсімдерін түсіндіру мен қолдануды насихаттау бойынша соттар тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстар, «Соттарда татуластыру рәсімдері» пилоттық жобасын іске асыру, өңірде ашылған Татуластыру орталықтарының қызметі туралы айтып өтті. Сонымен қатар, татуластыру  институтын насихаттау мақсатында бейнематериалдардың әзірленіп жатқандығы және БАҚ-мен өзара іс-имыл туралы сөз болды.

Д.Әміровтің сөзінше, өңір соттарында 2018 жылдың 9 айында 5000-нан астам азамат татуласқан. Медиация тәртібінде тараптарды татуластыру арқылы 2 503 іс қаралып, азаматтарға 90 282249 теңге көлемінде мемлекеттік баж қайтарылған. Спикер тиісті ведомствалар мен органдардың бірлескен іс-қимылының арқасында медиация институты кеңінен дамып, қоғамда даудың төмендеуіне септігін тигізетіндігіне сенім білдірді.

Депутаттар, қоғам белсенділері және БАҚ өкілдері медиация институты және билер сотын дамытудың қажеттілігін, татуластыру рәсімдерін қолдану бойынша Жоғарғы Сот жобасының болашағы мен қоғамдық маңыздылығын атап көрсетті. Форумға қатысушылар кейбір істер бойынша сотқа дейін және сотта татуластыруды заңнамалық тұрғыдан міндеттеуді, сонымен қатар өңірлерде билер сотын құру мәселесін қарастыруды ұсынды. 

Источник: 
Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі