Қазынаның ақшасын жымқырғаны үшін...

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

28 маусымда Әулиекөл аудандық сотының судьясы Светлана Ахмедова  Қышмұрын ауылының бұрынғы әкімі Михаил Харченкоға қатысты сот үкімін жария етті. Бұрынғы шенеунік 7 жыл өмірін  темір тордың ар жағында өткізетін болды. 

Тергеу барысында анықталғандай, Харченко өзіне сеніп тапсырылған қазына ақшасын жымқырумен айналысқан. Азамат Г... үгіттеп, аудандық салық басқармасынан жеке кәсіпкер куәлігін алдырған әкім, кәсіпорын заңды түрде тіркелгеннен кейін оның мөрі мен тиісті құжаттарын сыпырып алады. Осыдан кейін жол жөндеу жұмыстарын жүргізуге қатысты мемлекеттік сатып алу туралы жалған кәсіпорынмен келісім шарттар жасайды. 

Алайда, ауыл жолдарын жөндеумен өзге де төрт фирма айналысқанын айта кету орынды. Себебі ауыл жолдарын жөндеу сол фирмалар құзыретіне берілген және олар өздерінің туған мекендеріне осылайша әлеуметтік жәрдем көрсетіп отырған. Ақыры кәсіпкерлер  ауыл халқына ғана емес, оның әкіміне де қол ұшын беріп тұрған.  Әкімсымақ құжаттарды жалған рәсімдеу арқылы ауыл жолдарын демеуші фирмалар емес, өзі қолдан жасап алған «жеке кәсіпкер» дұрыстап жатыр деп көрсеткен. Шенеутің нұсқауымен жалған шарттар жасалып, қазыналық ақша кәсіпорын есепшотына аударылып отырған. 

Сот үкімімен Михаил Харченко жалпы тәртіптегі колонияға 7 жылға қамалып, мүлкі тәркіленді және де мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан 3 жылға айырылды. 

Сонымен қатар мемлекет пайдасына Харченкодан 8 млн. 811 мың 671 теңге материальдық шығын өндірілді. 

Сот үкімі заңды күшіне енбеген. 

Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі