Қайрат Мәми Жоғарғы Сот төрағасының лауазымында алғашқы жұмыс кеңесін өткізді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қазақстанның жоғары сот органының басшысы болып жаңадан тағайындалған Қайрат Мәми Жоғарғы Соттың алқа төрағаларымен, судьяларымен және аппарат басшылығымен алғашқы жұмыс кеңесін өткізді. Күн тәртібінде бірнеше маңызды мәселе белгіленді.

Бірінші кезекте Жоғарғы Соттың Төрағасы сот жүйесінің қазіргі жай-күйіне және Мемлекет басшысы бірнеше рет айтқан, кезек күттірмей шешімін талап ететін проблемаларға назар аударды.

- Ұйымдастырушылық және функционалды шаралардың тұтас кешенін шұғыл әзірлеп, жүзеге асыру қажет, олардың басты мақсаты – сот жүйесінің имиджін көтеру, азаматтардың соттарға деген жоғалған сенімін қайтару, қоғамның үмітіне сәйкес сот төрелігінің тиімділігін түбегейлі көтеру, - деп атап өтті Қ. Мәми. Конституциялық нормаларға сәйкес судьяның мәртебесін түбегейлі нығайту, артық әкімшілендіруден бас тарту және сот төрелігін жүзеге асыру процесіне қандай да бір болсын қол сұғушылықты болдырмау керек.

Осыған орай Жоғарғы Соттың қадағалаушы алқаларының төрағаларына алдарына қойылған міндеттерді іске асыруға бағытталған бағдарламалық ұсыныстарды дайындау бойынша нақты нұсқаулар берілді. 

Кеңесте қаралған басқа да маңызды мәселе Қазақстан судьяларының VI Съезіне дайындық барысы болды. Қ. Мәми бұл бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды: шұғыл арнайы комиссияны құру, алдағы форумның тұжырымдамасын анықтау, съезде талқылауға жататын басты бағыттардың шеңберін нақтылау және жақын алдағы перспективаға нақты міндеттерді белгілеу.

Кадр саясаты туралы айта келе, Жоғарғы Соттың Төрағасы түрлі орын ауыстырулар мен қайта тағайындаулар туралы әңгімелерді бірден жоққа шығарды. Қ. Мәми, аппараттың барлық қызметкерлері функционалдық міндеттеріне сәйкес өз лауазымдарында қалдырылатындығына сендірді. Ұйымдастыру-штат құрылымын одан әрі жетілдіруге қатысты бұл процесс, Жоғарғы Сот Төрағасының айтуынша, қажеттіліктің туындауына байланысты жүзеге асырылатын болады.

ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі