Атырауда судьялар Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингке қатысты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникация қызметінің Атырау филиалында Атырау облыстық сотының алқа төрағалары мен Атырау облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшысының қатысуымен брифинг өткізілді.

Қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді қараудағы сот төрелігін жүзеге асыру және заңдылықтың сақталу жағдайы, сонымен қатар, аталған істерді қарау кезінде туындайтын мәселелер туралы азаматтық істер жөніндегі сот алқасы төрағасы Әділхади Шығамбаев және қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрайымы Тәті Уәлиева баяндама жасады.

Спикерлер атап өткендей, облыс соттары 2016 жылдың бірінші тоқсанында 8 817 іс қаралған, соның 3 650-і азаматтық істер, 257-сі қылмыстық істер, 4 910-ы – әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер. Үкім шығарыла отырып 199 адамға қатысты 181 қылмыстық іс қаралды, соның ішінде 198 адам сотталып, 1 адам ақталды.

Сонымен қатар, облыс соттарында медиаторлардың қатысуымен 25 адамға қатысты 20 қылмыстық іс қаралды. Медиативтік келісімді қолдана отырып 181 азаматтық іс аяқталса, соның 112-сі бойынша бітімгершілік келісім жасалған, ал 11 іс партисипативті рәсімді қолдану негізінде аяқталған.

Судьялар «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары бойынша сот реформаларын іске асыру барысындағы неғұрлым маңызды мәселелерді атап көрсетті.

Өз кезегінде Атырау облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Гүлжан Жұмағалиева сот ісін жүргізуде қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды қолдану мәселесіне тоқталып, облыс бойынша «Сот кабинеті» сервисінің жұмыс жағдайы туралы айтып өтті.

Брифинг барысында журналистер соттарда қаралып жатқан қоғамдық қызығушылық тудыратын кейбір істерге және жаңа татуластыру рәсімдеріне қатысты сұрақтар қойып, спикерлер тарапынан нақты жауап алды. 

Қайнар: 
Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі