Астанада «Отбасылық сот» пилоттық жобасының артықшылықтары талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Астана қ. Алматы аудандық сотында  «Отбасылық сот» жұмысын жетілдіру мәселелері талқыланды.

«Дөңгелек үстел» жұмысына Жоғарғы Соттың судьясы Ұлбосын Сүлейменова, Қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова, Астана қ. сотының азаматтық істер бойынша апелляциялық сот алқасының төрағасы және судьялары Қуанышбай Әлжіков пен Гүлнара Әбдіғалиева,  судьялар, адвокаттар, психологтар мен медиаторлар қатысты.

Алматы аудандық соты «Отбасылық сот» пилоттық жобасын 2018 жылдың 3 қыркүйегінен бастап іске асырып келеді. Оның шеңберінде отбасы-неке қарым-қатынасы саласында туындайтын дауларды қараудың жаңа тәсілі айқындалды, атап айтқанда – Жоғарғы Сот әзірлеген ұсынымдарға сәйкес  сот дауды мәні бойынша шешумен шектеліп қана қоймай, отбасылық қарым-қатынасты жақсарту, отбасын сақтау және тараптарды татуластыру шараларын қабылдайды.

Қуанышбай Әлжіков осы жөнінде айта келе, елорда соттарының отбасы институтын нығайту, отбасылық қарым-қатынасты жақсарту және ажырасулар санын азайту бойынша жұмысты жүргізіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, «отбасылық сот» жұмысын бастағанда 537 талап арыз түскен, оның 457-сі – некені бұзу туралы. Оның ішінде 173 іс некені бұзу туралы шешім шығарыла отырып қаралса, 148 жұп татуласқан.

Ұлбосын Сүлейменова сөз алып, «Отбасылық соттың» маңыздылығын, оның соттылығын кәмелетке толмағандар мен олардың отбасыларының қатысуымен өтетін әкімшілік, азаматтық және қылмыстық істерді қарау бойынша кеңейту қажеттігін атап өтті.

Алматы аудандық сотының судьясы Мая Қасымованың айтуынша «Отбасылық сот» барлық «ажырасатын» отбасылық  жұптардың 35%-ын татуластырған. Бұл ретте,  ажырасуларының себебі тұрмыстық зорлық-зомбылық екенін атап өткен. Сонымен бірге ерлі-зайыптылардың опасыздығы (37%), біреуінің алкогольге, есірткіге және өзге де (құмар ойындарына) тәуелділігі (35%), неке қатынастарының нақты тоқтатылуы (9 %),  күнделікті ұрыс-керіс және өзара түсіністіктің болмауы (94 %) туралы айтылды. Осындай әрбір жағдайда отбасылық психолотың көмегі өте пәрменді болып шықты – жұптың мықты отбасын сақтап қалу әлеуеті дер кезінде анықталып, ажырасуларды болдырмады.

Спикерлер пилоттық жобаның әлеуетін егжей-тегжейлі талқылады. Олар талқыланып отырған тақырып шеңберінде пікір алмасып, шиеленісті реттеу жөніндегі әрекеттер тізбегінде дауды сотта шешу ең соңында тұратындай жағдай жасау қажеттігі туралы бірқатар ұсыныстар енгізді.

Источник: 
Астана қалалық соты